Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Әлеумет » Хизбут-Тахрир әл-Ислами ағымынан сақ бол!

Хизбут-Тахрир әл-Ислами ағымынан сақ бол!

«Хизб-ут-Тахрир» партиясы ұйымын Палестинада дүниеге келген Такиу-д-Дин Набхани (1908-1977) құрды. Ол сенімі бойынша ауытқушы мутазиля (мутазалиттер – барлық мәселелерде ақылға жүгінетіндер) ағымына жатады. Т.Набхани әл-Азхар университетін бітіргеннен кейін Палестинаға оралып мұғалім, судья болып жұмыс істеген. 1952 жылы өз партиясын құрып, қалған өмірін оны басқаруға, партияның мәдени және идеологиялық бастауы болып табылатын еңбектер шығаруға арнады.

«Хизб-ут-Тахрир» үгітінің басты мақсаты халифатты қалпына келтіру болып табылады. Өздері ашық мәлімдейтіндей, олардың әдістері және міндеттері тек саяси сипатқа ие. Хизбутшылардың пікірінше, ислам тек халифат шеңберінде ғана өмір алады, ал мұсылмандарды тек халиф қана басқаруы керек.

Олар қазіргі пішімдегі мемлекетте үгіт-насихат (жақсылыққа шақыру және жамандықтан тыю) парыз емес деп есептейді. Тек халифаттық мемлекет құрылғаннан кейін парыз болады деп санайды.

Сонымен қатар бұл экстремистік ұйым идеологтары өздерінің саяси көзқарастарына исламдық реңк беру үшін жекелеген Құран аяттарын оның негізгі мәтінінен бөлек алып, мағыналарын бұрмалап пайдаланады. Партия тұлғаның рухани қалыптасуына мән бермей, адамның материалдық және инстинктік қажеттіліктерін қанағаттандыруға ерекше назар аударады.

Партия өзі мақсат еткен ислам мемлекетіне арналған конституциясын дайындаған. Ол 187 баптан тұрады. Бұл конституция тәжірибе жүзінде қолданылмағанымен, қазіргі ислам мемлекетінің ұғымы мен талаптарына сай келмейтіндіктен белгілі ислам ғалымдары тарапынан сынға ұшырады.

Қазіргі таңда аталмыш ұйым Астана қаласы сотының 2005 жылғы 28 наурыздағы шешіміне сәйкес экстремистік діни ұйым деп танылып, Қазақстан Республикасының аумағында оның қызметіне тыйым салынған. Осыған орай, бұл ұйымның мүшелері өз насихаттарын барынша жасырын жүргізуге тырысады.

 

Шымкент қаласы дін істері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша «Асыл мұра» қоғамдық бірлестігі әзірлеген

Пікір жазу