Өткен аптада Елбасы Н.Назарбаев қоғамда қызу талқыға түскен қазақ тілі әліпбиін латын графикасына кезең кезеңімен және жүйелі түрде көшіру туралы Жарлыққа қол қойды. Елбасының бұл тарихи әрі саяси шешімі оңтүстікқазақстандықтардың да ерекше қолдауына ие болып отыр. Осынау тағлымды шешімді қолдау мақсатында бір топ оңтүстікқазақстандық зиялылар Елбасының атына арнайы хаттар жолдауда. Солардың бірін – Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Орынбай Рахманбердиев те жолдап отыр.
«Құрметті, аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіз өткен аптада қазақ мәдениеті мен руханияты үшін талай уақыттан бері қоғам талқысында жүрген қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру туралы тағылымды шешім қабылдадыңыз. Күн тәртібіндегі мәселені ғалымдармен, сала мамандарымен ақылдасып, көпшілік мақұлдаған жаңа әліпбиді бекітіп бердіңіз», – дейді өз хатында Орынбай Рахманбердиев.
Дәл осындай қолдау хатын ІV, V шақырылымдағы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Розақұл Халмұрадов та жолдапты. Онда: «Ғаламдық бәсеке-жарыстың тәуекелділігін дұрыс пайымдап, қазақ тілін латын графикасына өткізу жөнінде тарихи шешім қабылдадыңыз. Бұл байтақ Қазақстан үшін тағдыршешті қадам болды. Біз әліпбиді ғана емес, қоғамдық сананы, жалпыға ортақ ойлау жүйесін трансформациялау бойынша шешім қабылдадық» делінген.