Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » TOLEM АРҚЫЛЫ ТЕГІН ТАМАҚТАНАДЫ

TOLEM АРҚЫЛЫ ТЕГІН ТАМАҚТАНАДЫ

Мектепте оқушылардың тегін тамақтануы енді Tolem жүйесі арқылы іске асырылады. Ол үшін ата-аналар 1 қыркүйекке дейін оқушыларына картаны рәсімдеп үлгеруі тиіс. Жаңа жүйе жаңа оқу жылында асханалары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жұмыс істейтін 54 мектепте қолданыла бастайды деп күтілуде. Қолдарында Tolem картасы бар 1-4 сынып оқушылары мен жоғарғы сыныптардағы тиісті санатқа жататын оқушылар тегін тамақтанады. Осылайша қоғамдық көліктерде қатынау үшін қолданылатын Tolem картасы енді оқушылар үшін әмбебап картаға айналмақ. Ол карта әр оқушыға жеке-жеке, фотосуретімен шығарылатыны белгілі.

– Мектеп асханасындағы ыстық тағамға картамен төлем жасау жүйесі қоғамдық көлікке жолақысын төлеу жүйесімен кіріктірілген. Дегенмен, бұл картаға тамақтануға қажет ақша салу дегенді білдірмейді. Ата-аналар бұрынғыдай баласының картасында жолкіреге жететін ақшаның болғанын қадағаласа, жеткілікті. Ал тамақтану ақысы басқаша төленеді, — дейді «Qaz Smart Trans» ЖШС бас директоры Сержан Ақылбаев. — Біз Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың өтінішімен қаладағы 54 мектепке терминал орнаттық. Ыстық тамақпен қамтамасыз етілген оқушылар асханаға келгенде карталарын осы терминалға басады. Tolem жүйесі ыстық тамақ алған әр оқушыны белгілеп отырады. Ал айдың соңында білім басқармасының мамандары тамақтанған баланың санын көре алады. Осылайша бюджет қаржысы да үнемделеді. Себебі, бұған дейін тамақтанып жүретін оқушы 1-2 күн келмей қалса, ол белгілене бермейтін. Қаржы оқушының барлығына бөлінетін. Бұған қоса біздің төлем жүйесі ұлттық білім беру мәліметтері қорымен де кіріктірілген. Онда, мұғалімдердің мәліметі бойынша, оқушылардың ауырған және мектепке келмеген күндері жазылып тұрады. Яғни, оқушы сырқаттанып қалса немесе асханаға келмесе, картасын басқа біреуге бере алмайды. Жүйе өткізбейді.
Жоғарыда аталып өткендей, бұл жүйе Шымкентте әзірге 54 мектепке орнатылып отыр. Олардың толық тізімі мынадай: №№ 2, 6, 7, 9, 10, 12, 13, 14, 15, 18, 19, 20, 21, 26, 28, 29, 31, 35, 37, 39, 40, 41, 42, 43, 44, 45, 47, 50, 51, 52, 62, 64, 65, 66, 74, 75, 77, 78, 82, 83, 93, 96, 98, 100, 106, 107, 108, 109, 110, 113, 116, 117, 119, 122 мектептер. Басқа мектептердегі оқушылар ыстық тамақпен бұрынғы жүйе бойынша қамтамасыз етіледі.
Ал жаңа жылдан кейін жаңа жүйе қаладағы қалған мектептерде де енгізіледі деп күтілуде. Сондықтан, ата-аналар балаларына Tolem картасын рәсімдеулері тиіс. Ол – оңай, Tolem мобильді қосымшасын жүктеп алып, «Картаға өтінім беру» бөлімінде тиісті мәліметтерді толтыру керек. Мәліметтер тексеріліп, дұрыстығы анықталған соң рұқсат берілгені туралы хабарлама келеді және Kaspi.kz жүйесінде төлем жасауға сілтеме беріледі. Картаны рәсімдеу ақысы – 500 теңге. Дайындалу мерзімі – 7-10 күн. Дайын болғанын +7 701 315 18 52 WhatsApp нөмірі арқылы немесе tolemcard.kz сайтында ЖСН нөмір арқылы тексеруге болады.
– Карта рәсімдеуге қажет мәліметтерді мектеп социологтары жинақтап, бәрін бірден Tolem жүйесіне бере алады. Егер электронды жүйені қолдана алмайтындар болса. Баса назар аударғым келетін тұс – мемлекет тарапынан тиісті санаттағы оқушылардың ыстық тамағына қаржы толығымен аударылған. Бірақ, Tolem картасы рәсімделмеген оқушылар тамақтан қағылады. Ол туралы мәлімет жүйеде көрінбей қалады. Ал асханадан бұрынғыдай ақшаға тамақтана беруге болады, – дейді Сержан Ақылбаев.

 

Т.Қасым

Пікір жазу