Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » Білім ошақтарына күрделі жөндеу жүргізілді

Білім ошақтарына күрделі жөндеу жүргізілді

Шымкент қалалық мәслихатының жуырда өткен кезекті жиырмасыншы сессиясында шаһардағы білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындық мәселесі қаралды.

Шымкент қалалық әкімдігі білім басқармасының басшысы Жанат Арысбекқызы Тәжиеваның айтуынша, Шымкент қаласында жаңа мектептерді салумен қатар, ескі ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізіп, оларды заман талабына сай қайта жабдықтауға да баса назар аударылып отыр. Бір жағынан бұл оқушыларға жаңа, жарық, зәулім ғимаратта оқуға жол ашса, екінші жағынан күрделі жөндеудің арқасында қолданыстағы мектеп ғимараттарының қолданылу мерзімі анағұрлым ұзарады.
Атап айтар болсақ, Шымкент қаласында 2021 жылы білім беру саласындағы 4 мекемеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Оның ішінде 1 мектеп, 2 балабақша мен 1 колледж бар екен.
Бұл жұмыстар биылғы жылы да қарқынды түрде жалғасып жатыр екен. Сессия барысында мәлім болғанындай, биыл Шымкентте 5 білім беру ұйымының ғимараты күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Оның үшеуі жалпы орта мектеп болса, біреуі арнайы мектеп-интернат және біреуі балалар үйі. Бұл жұмыстарға мемлекеттік бюджеттен 2 милиард 372 миллион 800 мың теңге қаржы қаралған.
Мәселен, Ахмет Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясының ішкі бөлмелері сыланып, есік-терезе, электр жүйелері жаңартылуда. Алғашқы әскери дайындық, робототехника, биология, химия, физика кабинеттері де заман талабына сай жабдықталған. Қосымша 500 ноутбук, 150 компьютер, 100 планшет сатып алыныпты.
Ал, Әлішер Науаи атындағы №11 жалпы орта мектебінің ескі ғимараты осы күнге дейін бірде-бір рет күрделі жөндеу көрмеген. Биыл шатырынан бастап, есік-терезе, еденіне дейін толық жаңартылды. Жылу жүйелері толық ауыстырылып, мектептің ауласы да жаңадан қоршалды.

 

 

Пікір жазу