Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ОҚУШЫНЫҢ АРМАНЫН ОРЫНДАҒАН АҒА

ОҚУШЫНЫҢ АРМАНЫН ОРЫНДАҒАН АҒА

15 қыркүйек – Асанбай Асқарұлының туған күні. Шымкент қаласының өсіп-өркендеуіне үлкен еңбегі сіңген Асанбай ағаны бұл күні еске алуды ел арасында дәстүрге айналдырды. Ауқымды шаралардан бөлек, білім ұйымдарында, кітапханаларда, жоғарғы оқу орындарында жыл сайын еске алу кештері өтеді.
Бұл күн мен үшін елім деген азаматтың ауыл қызының арманын орындап, мектеп салуға ұйытқы болған ыстық естелігімен қымбат. Иә, Асанбай ағамен 13 жасымдағы жүздесуім өмірімнің ұмытылмас сәті болып қала береді.
Кеңес Одағы кезінде мектептерде еңбек және демалыс лагерлері болатын. Оған кластардағы тәртіпті, белсенді, үздік оқушыларды жазғы демалысқа жіберетін. Сондай-ақ үздік оқыған оқушыларға «АРТЕК» дүниежүзілік пионер лагерінде 50 күн білім алып, демалуға мүмкіндік беретін. Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданының шалғайдағы «Көксарай» елді мекенінің М.Әуезов атындағы мектебінде тәлім-тәрбие алдым. Ол жылдары ауылдағы мектептер ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан, шағын ғана сынып кабинеттері бар, ашылмалы қақпағы бар 30 жылдық парталарда оқушылар білім алатын. Әуезов мектебінде 7 сыныпты бітіргенде оқу үздігі атанып, СССР ғана емес, сол кезде шет мемлекеттердің өзіне танымал «АРТЕК» лагерінде демалып қайттым. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған балалар. Керемет көзтартарлық ғимарат. Оқушылардың білім алуына, сауықтыруға, демалуға керемет жағдай жасалған.
Демалыс кезінде Москва, Севастополь, Симфереполь қалаларының мектептерін аралап түрлі іс шараларына қатыстық. Еліме сөзбен жеткізе алмайтын ерекше сезіммен бірге, асқақ арманмен оралдым.
1984 жылы Отырар ауданына сол кездегі облпарткомның бірінші хатшысы Асанбай Асқаров келетін болды. Жүгері теру науқанының уақыты жақындаған. Біз түсқайта жүгері теруге шығамыз. Мектептерді де аралайды екен деді. Дайындықты бастап кеттік. Білім ордамыздың дружина советінің кеңесінің төрағасы ретінде арнайы жиында мен есеп беруім керек болып шешілді. Барлығына сақадай-сай дайынмын. Ол кісінің түр-тұлғасы әлі есімде. Басшының алдында Дружина советінің атқарған жұмыстарын айтып, есебімді тақылдап айтып жатырмын. Арасында АРТЕК-ке барғанымды, ондағы бірнеше қабатты ғимаратта оқығанымды айтып, көксарайлық оқушылардың сондай әдемі ғимаратта оқуына көмектессеңіз деген ойымды да жеткіздім. «Бұл біз үшін ең үлкен арман!» деп сөзімді аяқтадым.
Осы оқиғадан кейін екінші жылы «Көксарай» ауылында 3 қабатты жаңа мектеп соғылды. Алайда, мектеп пайдалануға берілетін жылы әкемнің жұмыс бабымен Төлеби ауданына қоныс аудардық.
Балаң жүрегімде Асанбай аға үлкен жүректі азамат ретінде сақталып қалды. Асқар тау биіктеген сайын асқақтай береді. Жылдар өткен сайын арда тұлғаның абыройы асқақтап ұлттың келешегі үшін жасаған еңбектері ел аузында айтылып келеді.
Ал ауыл оқушысының үлкен мектепте оқысам деген арманын тыңдап ғана қоймай, оның орындалуын өзі қадағалап, мектеп салғызған еңбегін ерлік деп бағалаймын.
Асанбай аға туған елдің туын биік ұстаған тұлға ретінде ел есінде қалды. Еліміздің үш өңіріне басшылық жасағанда артындағы елі, көзкөргендер елжандылығын, жанашырлығын, әрбір нысанды, әрбір жолды, әрбір саланы дамытқан еселі еңбектерін айтудан әлі күнге дейін жалықпайды.
Тәжиева Жанат Арысбекқызы,
Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы

Пікір жазу