Адамдар көптеп жиналатын нысандарда өрт орын алған жағдайда іс-әрекеттерді пысықтау мақсатында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің қызметкерлері Шымкент қаласы Абай ауданы Темірлан тас жолы №26/3 мекенжайда орналасқан «Шымкент-Тұлпар» ЖШС аумағында шартты өртті сөндіру бойынша өрт-тактикалық оқу-жаттығу жиынын өткізді, деп хабарлайды didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Бұл туралы Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Өрт-тактикалық оқу-жаттығуға 14 бірлік өрт сөндіру автокөлігі, Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің офицерлік және жеке құрамы және апаттар медициналық орталығының қызметкерлері жұмылдырылды. Бірлесіп әрекеттесу нұсқаулығы бойынша жол-патрульдік полициясының қызметкерлері қатысты. Сонымен қатар, тіршілікті қамтамасыз ету қызметтерінен су шаруашылығы, тоқ жүйелерін қамтамасыз ету қызметі, жедел жәрдем қызметі жұмылдырылды. «Жаттығудың тактикалық тұрғысынан 2-ші қатарда орналасқан бутиктерде электр сымдарының қысқа тұйықталу салдарынан өрт орын алады. №2 шақырту бойынша өрт-тактикалық оқу-жаттығу орнына шығу кестесіне сәйкес Шымкент қаласы гарнизонының күштер мен құралдары жөнелтілді.
Полиция қызметкерлері сауда орталығының аумағындағы жол қозғалыстарын және ғимаратқа кіріп, шығу тәртібін ретке келтіріп, өрт сөндіру техникаларының аталған ғимараттардың аумағына кедергісіз кіруін қамтамасыз етті, ал тоқ жүйелерін қамтамасыз ету қызметінің қызметкерлері аталған ғимараттың тоқпен қамтамасыз етілген жүйелерін өшіру жұмыстарын атқарды», — делінген баспасөз хабарламасында. Өрт-тактикалық жаттығу орнына келген күштер мен құралдар өрттің таралуына жол бермеді, өртті сөндіру бойынша іс-шаралары жүргізілді. Шартты өрттің жалпы ауданы 100 м2 құрады. Айта кетейік, 2018-2022 жылдар аралығында, яғни 5 жылда қала аумағында жалпы 6 базарда өрт орын алды.