Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » ТАЛАПТАРҒА САЙ БОЛУЫ ТИІС

ТАЛАПТАРҒА САЙ БОЛУЫ ТИІС

Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Гимн – Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері болып табылады.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы – 1:2.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар.

Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы заңында, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын шет мемлекеттердің, қоғамдық бірлестіктердің және басқа да ұйымдардың туларымен бір мезгілде көтергенде (тіккенде, орналастырғанда) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының көлемі басқа тулардың көлемінен кіші болмауға тиіс.

Бұл ретте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы басқа тулардан төмен орналастырылмайды.

Қоғамдық бірлестіктердің және басқа да ұйымдардың тулары Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туымен бірдей болмауға тиіс.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы мен шет мемлекеттердің елтаңбаларын немесе қоғамдық бірлестіктің, басқа да ұйымның елтаңбаларын (геральдикалық белгісін) бір мезгілде орналастырғанда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының көлемі басқа елтаңбалардың көлемінен кіші болмауға тиіс.

Бұл ретте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы басқа елтаңбалардан (геральдикалық белгілерден) төмен орналастырылмайды.

Мемлекеттік Гимн көпшілік алдында орындалған кезде қатысушылар оны орнынан тұрып айтады (тыңдайды), бұл ретте Қазақстан Республикасының азаматтары оң қолын жүрек тұсына қояды.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен өзге де ұйымдары шет мемлекеттер аумағында іс-шаралар өткізген кезде Мемлекеттік Гимн осы Конституциялық заңға, сондай-ақ сол мемлекеттің заңнамасы мен протоколдық практикасына және жергілікті салт-дәстүрге сәйкес орындалады.

Н.Мұстафаев,
Әл-Фараби аудан прокуратурасының прокуроры

Пікір жазу