Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » САЙРАМ: ҚАЙНАРБҰЛАҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ САЙЛАНДЫ

САЙРАМ: ҚАЙНАРБҰЛАҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ САЙЛАНДЫ

Сайрам ауданы, Қайнарбұлақ ауылдық округі әкімі аппаратының мәжіліс залында кездесу өтіп, Аманат партиясының аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Алмас Абдикадиров, Сайрам Аудандық Мәслихаты хатшысы Шамхат Халмурадов, аудандық мәслихаттың депутаттары және ауыл тұрғындары қатысты.
Алдымен Сайрам аудандық аумақтық комиссиясының төрағасы С.Кенжебаев ауылдық округінде 2022 жылдың 4 қыркүйегінде өткен сайлауының қорытындысы бойынша Қайнарбұлақ ауылдық округі әкімдігіне сайланған әкімін тіркеу туралы Сайрам аудандық аумақтық комиссиясының шешімін таныстырды.
Дауыс нәтижесіне қарағанда, Қайнарбұлақ ауылдық округінің әкімі сайлауына 6196 сайлаушысынан 5303 сайлаушы қатысып, өз таңдауын жасады.
Қайнарбұлақ ауылдық округінің әкімдігіне тіркелген кандидат «AMANAT» Сайрам аудандық партия филиалынан ұсынылған Дүйсебаев Есбол Жаназатұлы 4643 дауыс, өзін-өзі ұсынған Сәрсенбиев Нұрлыбек Әсілбекұлы 600 дауыс, бәріне қарсы 13 дауыс берілді. Басым дауыспен «AMANAT» партиясынан ұсынылған Е.Дүйсебаев Қайнарбұлақ ауылдық округінің әкімі болып сайланды.
Аудан әкімі Уласбек Садибеков Қайнарбұлақ ауылдық округінің әкімі болып сайланған Есбол Дүйсебаевтың жаңа қызметіне сәттілік тілеп, тиісті куәлігін табыс етті. Сонымен қатар, жиында елді мекен белсенділері де өздерінің оң пікірлерін білдіріп, ізгі тілектерін жеткізді.
Айта кетелік, Е.Дүйсебаев 1973 жылы, бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Көмешбұлақ ауылында дүниеге келген.
Білімі жоғары, 1996 жылы Қарағанды жоғары милиция мектебін бітірген.
Алғашқы еңбек жолын Қазақстан Республикасының Ішкі Істер Министрлігінде бастап, 2010 жылға дейін қызмет атқарды.
2016-2018 жылдары аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы,
2018-2022 жылдары аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маман – заңгері болды.
Ағымдағы жылдың 20 қаңтарынан бүгінгі күнге дейін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі қызметін атқарып келген.

Пікір жазу