Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев БҰҰ халықтың қоныстануы саласындағы ЮНФПА қорының Қазақстандағы өкілі Джулия Валлеземен кездесті. Кездесу барысында тараптар ана мен бала өлімін азайту, гендерлік теңдікді сақтау, тұрмыс жағдайындағы зорлық-зомбылықты болдырмау жөнінде өзара пікір алмасты. Сондай-ақ тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысынан аталған қордың өкілдігін ашу мәселелерін талқылады. Өз кезегінде сөз алған өңір басшысы Джулия Валлезені жаңа қызметімен құттықтап, алдағы атқарар жұмыстарына сәттілік тіледі.
«Оңтүстік Қазақстан облысы Қазақстандағы демографиялық ахуалы өте жоғары өңір саналады. Бізде жылына 80 мыңға жуық сәби дүниеге келеді. Қазақ халқының негізгі шоғыры да бізде орналасқан. 3 миллионға жуық халқы бар өңірде аналардың үлес салмағы 50 пайызды құрайды. Сондықтан облысымызда ана мен бала өлімін азайту мәселесіне ерекше мән беріліп келеді. Осы ретте сіз басқарып отырған қордың Оңтүстік Қазақстан облысында өңірлік өкілдігін ашуды ұсынған болар едім», – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Өз кезегінде сөз алған Джулия Валлезе қордың ана мен баланың репродуктивті денсаулығын жақсарту, гендерлік теңдік пен демографиялық мәселелерді қамту салаларындағы негізгі миссияларын баяндап берді.
«Біз мән беретін негізгі мәселенің бірі – ана мен бала денсаулығын сақтау. Осы ретте аналардың босану кезіндегі қауіптілігін қамтамасыз етіп, жоспарлы жүктілік мәселесіне мән береміз. Жастардың ана болуға деген дайындық жұмыстарын күшейтіп, гендерлік теңдікті сақтауға, халықтың демографиялық өсіміне сараптама жасап отыруды мақсат тұтамыз. Жоғарыда айтылған жұмыстарды бірлесіп атқару мақсатында ынтымақтастықта бірігіп жұмыс істеуге ниет білдіріп отырғандарыңызға алғыс білдіремін», – деді Джулия Валлезе.
Кездесу барысында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі мен БҰҰ халықтың қоныстануы саласындағы ЮНФПА қоры арасында өзара түсіністігі жайлы меморандумға қол қойылды. Тараптар жергілікті денсаулық сақтау жүйесінің әлеуетін, ана мен бала денсаулығын қорғау бойынша кешенді бағдарламаны бірлесіп іске асыру жөнінде мәмілеге келді. Сондай-ақ тараптар гендерлік зорлыққа ведомствоаралық әрекет ету жүйесін енгізу арқылы тұрмыстық зорлықтың алдын алу бойынша басқару әлеуетін нығайтуға уағдаласты.