Кездесуде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов:
«Бүгінгі таңда облысымызда қыруар тірліктер атқарылып жатыр. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері де жыл санап жақсарып келеді. Мемлекет тарапынан барлық салаларға қолдау қаржы мен қажетті қамқорлық көрсетіліп отыр. Бүгінгі қоғамның оның ішінде жастар тәрбиесіне, отбасы құндылықтарын сақтау, ауызбірлік пен ынтымаққа шықыру, халықты Елбасымыз көрсетіп отырған бағыт-бағдармен хабардар ету осында отырған барша абыз-ақсақалдарымыздың ең басты міндеттері деп санаймын», – деді.
Мұнан соң еңбек ардагері, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Мырзан Ханділлаев, еңбек ардагері Қарсенбай Қунақ, тыл еңбеккері Раиса Ахметова, Сарыағаш аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұстафа Сүлейменов, еңбек ардагері Бегім Серіков, республикалық «Достық» өзбектер қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжановтар сөз сөйлеп, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын бірлесіп жүзеге асыру жөнінде өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Айта кетейік, бүгінде облысымызда Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында 844 елді мекенде 3185 іс-шара өткізілген. Мақалада ерекше аталған жобаларды жүзеге асыруға 2022 жылға дейін 16,2 млрд. теңге бөлу жоспарланып отыр. Жыл басында «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында облыстан шыққан 205 тұлғаның қатысуымен «Туған жерді түлету – перзенттік парыз» басқосуы жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. Бүгінгі күнде облысымызда кәсіпкерлер, демеушілер тарапынан жалпы 30 млрд. 350 млн. теңгені құрайтын 529 өңірлік жоба қолға алынып отыр.
Бұдан бөлек, «Рухани қазына» кіші бағдарламасы бойынша «Ажарлы үй – ырысты» жобасы аясында 120-дан астам белсенді, ерікті жастар елді мекендерді абаттандыру мақсатында көмекке зәру 543 отбасының аулаларын тазалап, қоршауларын, қақпаларын сырлап, ауыл ажарының артуына өз үлестерін қосқан.
Мұнан соң жиын сұрақ-жауап үлгісіне көшті. Кездесу соңында облыс әкімі барша ардагерлерге сый-сияпат жасады.