Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Халықаралық студенттер күні» мерекесіне орай ұйымдастырылған облыс жастарының балы мен «Үздік жастар премиясы» салтанатты іс-шарасына қатысты.
Жастардың арасында мәдениеттілік пен әдептілікті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған кеште облыс әкімі сөз алып, барша оңтүстікқазақстандық студент жастарды бүгінгі мерекемен құттықтап, ыстық лебізін жеткізді.
«Елімізде қай кезде болмасын жастарға, жас мамандарға үлкен сенім артылып, жастардың өсуіне көптеген жағдайлар жасалуда. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы ұлттық руханияттың жаңа тұғыры десек, оны жүзеге асыру бәріміздің алдымызда тұрған басты мақсат. Бүгінде Ұлыстың ұйытқысы атанған – өңірімізді жан-жақты дамыту жолында жігерлі жастарымыздың үлесі бар, әлі де көп еңбек етіп, облыстың дамуына сүбелі үлес қосатындарыңызға сенімдімін. Сіздерге тек еңбекте ғана емес, Тәуелсіз еліміздің мақтанышына айналып, барлық салаларда үлкен жетістіктерге жетулеріңізге шын жүректен тілектеспін», – деді әкім.
Мұнан бөлек, облыс әкімі жыл бойы түрлі салаларда өзіндік үлес қосып жүрген 20 көшбасшы жасқа 15 номинация бойынша «Үздік жастар премиясын» табыстады.
Салтанатты кеште арнайы дайындықтан өткен 22 жұп би кешіне арналған салтанатты киімдерін киіп, вена вальсын биледі. Олар би алаңын нағыз веналық ертегі әлеміне айналдырғандай әсер қалдырды.
Іс-шараға облыстық мәслихат депутаттары, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының басшылары мен белсенді жастар, жұмысшы жастар ұйымы мен ерікті жастар жалпы саны 500-ден астам адам қатысты.
Сонымен қатар, мереке қарсаңында бүгін «Жастар ресурстық орталығы» ғимаратында «Оңтүстік» жастар театрының талантты өнер иелері өзбек драматургы Х.Хурсановтың «Өлдік те, құрметті болдық» атты тәрбиелік мәні зор комедиялық жанрдағы қойылымын ұсынды.
Айта кетейік, облыстағы 12 жоғары оқу орнында 44 860 студент, 91 орта, арнаулы оқу орындары мен колледжде 70 885 студент білім алады. Яғни, өңірде 115 мыңнан астам студент бар.