Оңтүстік Қазақтан облысында 2017 жылдың I жартыжылдығында жалпы өңірлік өнім көлемі 1 340 491 млн. теңгені құраған. Осылайша республика көлемінде облыс 5-орынды иемденіп отыр. Бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық статистика департаментінің бастығы Айдар Әбілдабеков мәлім етті.
Сондай-ақ, ағымдағы жылдың қазан айындағы көрсеткіш бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 374 907 млн. теңгеге жеткен. Инвестиция салымдарының басым бөлігі өнеркәсіп саласына, көлік және қоймалау, сондай-ақ жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар саласына тиесілі. Негізгі инвестициялық салымдардың 57,3 пайызын шағын кәсіпорындар жүзеге асырған.
«Республика бойынша тіркелген заңды тұлғалардың 8,4 пайызы біздің облысқа тиесілі. Астана және Алматы қалаларынан кейінгі орынды алып отырмыз. Облыста заңды тұлғалардың жиі тіркелетін қызмет түрі – сауда саласы. Мәселен, бөлшек сауданың көлемі биыл 340 761 млн. теңгені құрады. Ал көтерме сауданың көрсеткіші 502 599 млн. теңгеге жеткен», – деді Айдар Ахметбекұлы.
Бұдан бөлек, жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны биыл 177 014 бірлікті құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 4,9 пайызға артқан. Жалпы республика бойынша жұмыс істейтін субьектілердің 15,3 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі. Сонымен қатар, биыл өңірде шағын және орта кәсіпкерліктегі жұмыспен қамтылғандардың саны 357 412 адамға жетіп отыр.
Айта кететіні, ағымдағы 2017 жылдың қаңтар-маусым айларындағы көрсеткіш бойынша, шағын және орта кәсіпкерліктегі субъектілердің өнім шығарылымы 381 632 млн. теңгені құраған.