Ұлт руханияты жаңғырған қазіргі шақта мәдениет саласы қызметкерлерінің қоғамдағы алатын орны ерекше. Олар – ұлттың түп тамырын тануына, бүгінгі жаһандану заманында өз болмыс-бітімін жоғалтпау жолында орасан еңбек атқаруда. Ендеше, Түркістан қаласындағы Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Шәмет Лиза Төлегенқызы басқаратын қалалық мәдениет үйі ұжымының жоспарына сәйкес, Түркістан қаласында яғни өңірде ұйымдастырылып жатқан қоғамдық маңызы бар, мерекелік, мерейтойлық және атаулы күндердегі шаралар аясында жүзеге асқан бірқатар іс-шаралар туралы баяндасақ.
НАШАҚОРЛЫҚ – ҚОҒАМ ДЕРТІ
Қоғамдағы есірткі мен нашақорлыққа қарсы іс-шараларды орындау мақсатында, қаламыздағы жастарды кертартпа әрекеттерден бойын аулақ ұстауға шақыру үшін Түркістан қалалық мәдениет үйі бүгінде жүйелі түрде арнайы іс-шаралар өткізуді жоспардан түсірген емес.
Жастардың денсаулығына, адамгершілік пен рухани дамуына әсер ететін мәдени шаралардың бірі – плакатқа сурет салу арқылы ой-өрісін жеткізуге мүмкіндік берген байқау.
Осы орайда Түркістан қалалық Мәдениет үйінде биылғы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жастар тәрбиесінің мығым болып, жат қылықты бойға жолатпау мақсатында «Жастар нашақорлыққа қарсымыз!» тақырыбында плакаттар байқауы өтті.
Байқаудың марапаттау салтанатына арналған кештің сахна шымылдығы “Шұғыла” үгіт-бригадасының орындауындағы Абайдың он бесінші қара сөзімен басталып, Қуаныш Мұқатай “Өлсем орным қара жер…” атты ақын өлеңін нақышына келтіре оқыды.
Алдын-ала әлеуметтік желіде ережесі мен шарттары жарияланған байқау салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастарымызды қоғамның қауіпсіздігімен қамтамасыз ету, нашақорлық пен темекінің, спирттік ішімдіктің адам өміріне зиян екендігін ұғындыру мақсатында ұйымдастырылды.
Байқау шартына сәйкес, 14 пен 25 жас аралығындағы үміткерлер плакаттарға сурет салып, қалалық мәдениет үйіне тапсырған болатын. Қабылданған шығармаларды ұйымдастыру алқасы арнайы мамандармен келісіп, іріктеуден өткізіп, әділ-қазылар құрамымен сараптап, жүлделі орындар белгіленді.
Қазылар алқасының құрамына «TURAN QAZAQ суретшілер консолидациясы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, аға оқытушы, оқушылар сарайы сурет үйірмесінің мұғалімі – Шаханбаев Мұрат Нұрмаганбетұлы, Спорт және өнер факультетінің декан орынбасары, аға оқытушы – Мамбетов Ермек Бахытжанұлы, Түркістан жоғары көпсалалы, қолөнер колледжі, бейнелеу өнері пәнінің оқытушысы – Божбанбаев Мұхтар Амзеұлы бекітілді.
Жүлде алған оқушыларды марапаттау салтанатында алғы сөз сөйлеген Түркістан қалалық Мәдениет үйінің директоры, ҚР Мәдениет қайраткері Шәмет Лиза Төлегенқызы байқаудың мақсатына тоқталып, жастарды жаман әдеттерден аулақ болуға шақырды. Отызға жуық жас бақ сынаған байқауда 15 үміткер қатысқаны үшін арнайы дипломмен марапатталып, сияпатқа ие болса, келесі үміткерлерге 4 номинация берілді. Олар “Ой ұшқырлығы”, “Түс шеберлігі”, “Үздік идея”, “Үздік графика”, сондай-ақ, жүлделі орындар да өз иелеріне табысталды.
Сонымен, Бас жүлдеге Қ. Сәтбаев атындағы №12 мектептің 7-сынып оқушысы Тасболат Сағыныш ие болса, І орынға Балалар қолөнер мектебінің 10-сынып оқушысы Абибулла Аружан лайық деп танылды. Үш бірдей ІІ орынды №15 М. Жұмабаев атындағы мектеп-гимназияның 11 сынып оқушысы Аймен Асанқызы мен №21 мектеп пен Әйтеке би атындағы №26 мектептің 9-сынып оқушылары Нұрділла Алихан мен Диера Жолдасбаева еншіледі.
Мұнымен бірге, үш ІІІ орынға Төле би атындағы №19 жалпы орта мектебінің 10-сынып оқушысы Мамахан Асылжан, Ж. Еділбаев атындағы мектебінің 7-сынып оқушысы Иса Жандария, Түркістан жоғары медицина колледжінің І курс студенті Болат Айгерім лайық деп танылды. Барлық жүлде алған жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдар табыс етілді.
ҚАЛА КҮНІ ЭТНОАУЫЛДА БАСТАЛДЫ
“Тәуелсіздік тұғырында Түркістан!” тақырыбын айдарланған, Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен “Қала күні” мерекесіне арналған концерттік бағдарлама өтті. Биылғы қала күні мерекесі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Киелі шаһардың жеткен жетістіктері мен қарыштап дамуын әнге қосқан күміс көмей әншілер кесене маңындағы этноауылды әсем әнге бөледі. Мерекелік шара шымылдығы “Шашу” биімен ашылса, “Рухани астана Түркістан” әні де көрерменге жол тартты. “Қазақстаным”, “Отаным – Қазақ елі” сынды патриоттық жанрдағы әсем әндер де көрерменнің құлақ құрышын қандырды. Мәдениет үйі өнерпаздары әзірлеген концерттік шара Сейдулла Бәйтерековтың “Түркістан” әнімен соңына жетті. Жиылған қауым ән, би, күй құдіреті арқылы рухани шаһармен үндес туындыларды тыңдады.
ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰҒЫРЫНДА ТҮРКІСТАН
Түркілердің түп қазығы болған Түркістан қаласы Қала күні мерекесін атап өтті. Ауқымды шара “Жеңіс” саябағының кіреберісінен басталды. Ақ кимешек киген әжелеріміз домбыраның сүйемелдеуімен халық әндерін нақышына келтіре орындаса, Түркістан саз мектебінің фольклорлық ансамблі де тамаша күйлерді тарту етті. Сондай-ақ, Түркістан қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі Түркістан тарихынан сыр шертер кітап көрмесін ұсынды. “Бисұлтан” бишілер тобының “Түркістан” биі мерекелік шараның ажарын ашты.
Түркістан қаласы әкімдігі, Түркістан қалалық Мәдениет үйі, Адами әлеуетті дамыту бөлімі бірлесе атсалысқан шараға қаламыздың зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Қолында аса таяғы бар абыз ақсақалдың сахнаға шығуымен басталған көрініс Түркістанның тұтас тарихын сипаттап, Тәуелсіздік жылнамасындағы өзгерістерге шегініс жасағандай әсер қалдырды. Қала күні мерекесінде шырқалған патриоттық рухы биік әндер жалындаған жасқа қуат, көзі қарақты көрерменге шуақ сыйлағандай.
Түркістан – мемлекетіміздің алтын қазығы. Елбасының бұл қалаға ерекше мәртебе беру туралы шешімі кездейсоқ емес. Осындай шаҺардың халқына ақ тілегін арнаған қала әкімі Тұрашбеков Нұрбол Әбдісаттарұлы мінбеде тұрып, мәртебелі меймандарды қала күнімен құттықтады.
Сахна төріне шыққан Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов пен Соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов құттықтау сөз алып, Түркістанның қасиеті мен киелілігін жас ұрпаққа айшықты мысалдармен жеткізді.
Мереке аясында “Түркістан қаласына сіңірген еңбегі үшін” төсбелгісімен бірқатар азаматтар марапатталды. Олардың арасында пандемия кезінде ерекше жұмыс атқарғандары да бар. Сонымен бірге, ел үшін тер төгіп жүрген жандардың еселі еңбектері ескеріліп, қала әкімінің арнайы Алғыс хатына ие болды.
Қала күні мерекесіне келген түркістандықтар үшін Қазақстанның эстрада жұлдызы Қуандық Рахым сахнаға шығып, ән қоржынындағы таңдаулы әндерін ұсынды. Көрермендер қосыла ән салып, әншіге шабыт берді. Кеш соңында Түркістан қалалық Мәдениет үйінің әншілері әдемі әндері мен саябақтың сәнін арттырды.
ҮШ ЖАНРДЫ ТОПТАСТЫРҒАН БАЙҚАУ МӘРЕГЕ ЖЕТТІ
Облыс орталығы Түркістан қаласында күн сайын рухани жиындар мен мәдени шаралар легі артып келеді. Солардың бірі – «Түркістаным – Тұраным» көрме байқауы. Түркістан қалалық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен қолға алынған шара үш жанрды қамтыды. Байқаудың өтетіндігі мен ереже-шарттары алдын-ала фейсбук әлеуметтік желісінде жарияланып, қазылар алқасының құрамы бекітілді.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы шеңберінде өткізілген шараның негізгі мақсаты – әр азаматты Тәуелсіздік құндылығын насихаттау мен ұлттық қолөнерімізді дәріптеуге үндеу. Қатысушылар арасында жас дарындарды қолдап, шын таланттарды анықтау. Ел ішінде елеусіз жүрген қолөнер шеберлерінің туындысы мен ісмерлердің әзірлеген бұйымдары, Түркістан қаласының тарихи-мәдени мұрасымен танысу.
Байқауда 15 пен 38 жас аралығындағы фотосуретшілер, қолөнершілер, сурет-шілер бақ сынады. Фотосуретшілер «Жаңа қала – Түркістан» тақырыбында фотоларын ұсынса, қолөнершілер зергерлік, керамика, ағаш өнері, ат әбзелдері, түрлі бұйымдар, текемет, кілем, құрақ, кесте бұйымдарын жасады. Ал, суретшілер әртүрлі құралдарды пайдалана отырып, А3 форматта жұмыстарын қалалық мәдениет үйі ұйымдастыру алқасына ұсынды.
Қазылар алқасының құрамында Еуразия дизайнерлер Одағының мүшесі, Халықаралық, Республикалық көрмелерге қатысушы, суретші көркемдеуші – Омар Бабажанов, «Жайылма» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, қолөнер шебері – Жанболат Сүиімбай, Түркістан облысы Мәдениет басқармасының «Оңтүстік фильм» КММ-нің қызметкері Бекзат Мұратұлы болды.
Сонымен, келіп түскен үміткерлердің туындыларын сарапқа салған қазылар алқасына шын жүйріктерді анықтау оңайға соқпады. Бейнелеу өнері саласындағы алып үш жанрдың ара жігін ажыратып, фотосуретшілердің нысанаға көздеп түсірген фотоларының сапасына, он саусағынан өнер тамған қолөнер шеберлерінің туындысына, қылқалам шеберлерінің Түркістан тақырыбын қағазға түсірген жұмыстары сараланып, жүлделі орындар мен арнайы номинациялар белгіленді.
Байқаудың марапаттау салтанаты арнайы әзірленген бейнероликпен ашылды. Түркістан қалалық Мәдениет үйінің әншісі Айжан Абилханова «Түркістан» әнін көпшілікке тарту етті. Қазылар алқасының құрамы мен Түркістан қалалық Мәдениет үйінің директоры, ҚР Мәдениет қайраткері Шәмет Лиза Төлегенқызы сахнаға шығып, жүлдегерлерді марапаттады. Байқау қорытындысына сәйкес, фотосуретшілер жанры бойынша, үш бірдей ІІІ орын Пайзоллаева Мәдина, Сейдуллаева Бибімәрия, Иса Жандарияға бұйырды. Ал, қос ІІ орын Арғынбек Рамазан мен Сағындық Ердәулетке берілді. Жүлделі І орынды Шері Серікболсын иеленді.
Келесі жанр қолөнершілер бойынша төмендегідей номинациялар берілді. «Сүиімбаев Тасполат» атындағы номинация – Аманқұл Нұрдәулет, «Аманжол Наймантай» атындағы номинация – Бектұрғанова Ақылзат, «Құлахмет Қожанов» атындағы номинация – Серікбай Ақмарал, «Ермахан Бегенов» атындағы номинация – Кудакелдиева Нурбике, «Өзбекәлі Жәнібеков» атындағы номинация – Ертуған Успанға берілді. Сонымен қатар, үш бірдей ІІІ орын Әшірәлі Айдос, Най-манбай Олжас, Ордабек Ақбаянға табыс-талса, үш ІІ орынмен Әшірәлі Айжан, Әбдірейім Сұлтанғали, Рысбаева Ұлбол-сын марапатталды. Сондай-ақ, жүлделі І орынның көгінен Тасполат Рамазан көрінсе, Бас жүлде Рысбеков Қаныбекке бұйырды. Кезекті суретшілер жанры бойынша қос ІІІ орын Әділбек Іңкәр мен Аумакулов Нурлыға берілсе, ІІ орын Бабажанова Ферузаға, І орын Абдиназар Бибінұрға табыс етілді. Бас жүлденің биігін Исматов Сейфулла бағындырды.
Барлық жүлдегерлер мен номинация алған жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар, дипломдар үлестірілді. Жүйріктердің ішінен үздігін таңдаған қазылар алқасына да Алғыс хаттар мен сыяпаттар көрсетілді. Тың туындылары арқылы Түркістанның жаңа қырын танытуға асыққан жастар байқау ұйымдастырушыларына ерекше алғыстарын жеткізді.
Ақмарал ҒАНИҚЫЗЫ,
Түркістан қалалық Мәдениет үйінің баспасөз хатшысы.