Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ШЫМКЕНТ: КӨРІСУ КҮНІ ҚАЛАНЫҢ КӨРІКТІ ЖЕРЛЕРІНДЕ ТОЙЛАНДЫ

ШЫМКЕНТ: КӨРІСУ КҮНІ ҚАЛАНЫҢ КӨРІКТІ ЖЕРЛЕРІНДЕ ТОЙЛАНДЫ

14 наурыз – Көрісу күні мерекесі. Шымкентте мереке «Астана» алаңынан басталды. Онда қыстан шыққан жұртшылық бір-бірімен аман-саулық сұрасып, төс қағыстырды. Шымкентте амал мерекесі жалғасып жатыр. Ұмытылып кеткен бұл дәстүрді бүгінде қала жұртшылығы қайта жаңғыртып отыр.
Қаланың айшықты жері Абай саябағында да Шымкент-Цирк, Абай атындағы қалалық орталық кітапхана, Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейі мекемелері көрісіп, әннен шашу шашып, дәмнен ауыз тиді. Жиналған қауымның көңіл-күйі ерекше. Ұлы Абай айтқандай, «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» мәре-сәре болысты. Ұлттық киім киген, домбырасын асынған көпшілік қала тұрғындарына мерекені сезіндірді.
– Көрісу – адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін ізгі амал. Бұл күннің өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбіршілік пен кішіпейілділікке, татулық пен бауырмалдыққа бастайтын тағылымы мол. Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігі табиғат-анамен тығыз байланысқан халқымыз үшін Көрісу дәстүрі – жаңару мен жасампаздықтың, ырыc пен берекенің бастауы, – дейді қала тұрғыны Мақсат Әмірбеков.
Шымкент қалалық орыс драма театры және Шымкент қалалық тілдерді оқыту әдістемелік орталығының қызметкерлері Арбат алаңына келген қала қонақтарымен көрісті. Қала тұрғындары мерекенің басталғанын сезіп, қуанышқа бөленді.
– Бұл — ұмыт болып бара жатқан дәстүрдің бірі. Көп жастарымыз бұл амалдың жөн-жоралғысын біле бермейді. Осы күні әрбір шаңырақ дастархан жайып, қыстан қысылмай жыл басына аман жеткеніне амал еткен. Жасы кішілер үлкен ақсақалдарымызбен көрісіп, амандығын біледі. Міне, осы дәстүрді бүгін бізде жалғастырып, тұрғындар және қала қонақтарымен көрісіп жатырмыз, – дейді Шымкент қалалық тілдерді оқыту әдістемелік орталығының қызметкері Болат Бердімұратов.
Айта кетейік, көрісу мерекесі бір күнмен ғана шектелмейді. Бұл дәстүр наурыз мерекесіне дейін әлеуметтік желілерде насихатталып, арнайы челлендждермен жалғасын таппақ.

Пікір жазу