Шымкент қаласында жастар арасындағы девиантты мінез-құлықтың алдын алу мақсатында «Өмірім — болашағымның ертеңі» атты жиын өтті. Оған қаладағы барлық мектептен келген 7-11 сынып оқушылары қатысып, мамандардың кеңесін тыңдады.
Жастар ресурстық орталығы бұған дейін де жастар арасындағы суицид, темекіге құмарлық, ойынқұмарлық пен нашақорлықтың алдын алу мақсатында түрлі кездесулер өткізіп келген. Бүгінгі жиында Шымкент қаласы Тұран аудандық полициясының майоры Раушан Кертаева, психолог, гештальт-кеңесші Марал Жұмагелді, қаладағы ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау орталығының әдіскері Гүлнара Имашова және «Ізгілікте жарысайық» қоғамдық қорының өкілі Алтынбек Боранбековтер қатысып, жастарды жаман әдеттерге үйір болмауға шақырды.
Жиын алдында жастар арасында девиантты мінездің пайда болуы жайлы психолог Марал Жұмагелдінің пікірін тыңдады. Маманның айтуынша, жасөспірімдердің өтпелі кезеңінде суицид, темекі және смартфон ойындарына құмарлығы ата-анасымен көп тілдеспегендіктен орын алады екен.
–Жас буынның бойында өзіндік қажеттіліктер болады. Балалар сондай қажеттілікті ата-анадан, мектеп мұғалімдерінен ала алмаған кезде темекі, смартфон ойындарына құмар бола бастайды. Жасөпірімдердің 18 жасқа дейінгі тәрбиесі ата-ана мен мұғалімдерге жүктеледі. Мәселен, мектеп оқушысының темекіге үйір болғаны байқалды дейік. Мұндай жағдайда баланы кінәлаудан алдын, темекіге не жеткізгенін анықтап, сол бойынша жұмыс жүргізу қажет, — деді психолог.
Ал, 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге заң аясында қандай хаттамалар толтырылатынын полиция майоры Раушан Кертаева түсіндіріп берді.
–Мектеп оқушылары түнгі сағат 23:00-ден таңғы сағат 06:00 -ге дейін ата-анасыз үйден тыс жерде жүретін болса, ескерту беріледі. Мұндай жағдай бір жыл ішінде екінші рет қайталанса, хаттама толтырылып, іс сотқа жолданады, анықталған жасөспірім есепке алынады. Түнгі уақытта компьютерлік ойынханаларды тексеру кезінде оқушылар анықталса, сол мекеме мен баланың ата-анасына хаттама толтырылып, 3 АЕК көлемінде айыппұл салынады, — деді тәртіп сақшысы.
Кездесу барысында мамандық таңдау, сабаққа ден қою, бос уақытты тиімді пайдалану тақырыбында да кеңестер айтылды.