17 наурыз – «Тарихқа тағзым» күні деп белгіленген. Бүгін «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінде өтіп жатқан мерекелік іс-шаралар қала тұрғындары мен қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлады.
Қазақы салт-дәстүріміз бен ұлттық өнерімізді дәріптеген мейрамда жұртшылыққа арнап наурызкөже ұсынылды, бауырсақ таратылды. Келушілер ұлттық ойындарымыз арқан тартыс пен тоғызқұмалақтан сайысып, қолөнер бұйымдарының көрмесін тамашалады.
Қол өнер көрмесінде ұлттық бас киім- тақиядан бастап, тоқыма мен қол өнер бұйымдары, ертоқым, ағаш пен темірден жасалған туындылар, қылқалам шеберлерінің қолынан шыққан көркем суреттер, білезік пен сақины сынды қоләшекейлер, сондай-ақ, ұлттық салт-дәстүрлер оның ішінде тұсау кесер сынды қазақтың ұлттық жәдігерлері ұсынылып, мерекенің мәні мен сәнін келтірді.
– «Тарихқа тағзым» күні – тарихымызды ұмытпай, жастарымызға ұлттық құндылықтapды ciңipу, оларды ұлттық pухта тәpбиeлеу, сонымен қатар төл тарихын білуіне, eлiнe, жеріне дeгeн cүйicпeншiлікті арттыру мақсатында тойлануы өте орынды. Ертеңгі күні елге иелік ететін жастарымызды тарихты тануға, салт-дәстүрді, баба тілімізді құрметтеуге, төл тамырынан ажырамайтын өресі мықты етіп өсіру – біздің міндетіміз. «Тарихқа тағзым күнінің» осындай үлкен миссиясы бар, – дейді «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінің басшысы Мадина Кенжеқұлова.
Мадина Кенжеқұлованың айтуынша, мерекеге «SCAT» авиякомпаниясы, «Бал текстиль» зауыты, «Go-Kino, «Шымкент концерт» мекемелері және «Айжамал тәттілері» демеушілік көрсеткен. Демеушілер есебінен өмірлік қиын жағдайда жүрген балалар үйінің бүлдіршіндеріне арнайы сыйлықтар үлестірілді.
Сонымен қатар, бүлдіршіндерге жас ұрпақтың тарихқа деген қызығушылық пен құштарлығын ояту үшін тарихи жанрдағы фильмдер ашық аспан астында көрсетілді.
Осылайша, «Тарихқа тағзым күні»ұлттық дәстүрлер ұлықталып, қала қонақтарын мен тұрғындарына, елдің ертеңгі болашағы бүлдіршіндерге тарту жасалып, тағы да рухни құндылықтар насихатталды.
Мерекелік іс-шара тарихи кешенде күні бойы жалғасатын болады.
Айта кетейік, 2021 жылғы 17 наурызда Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасына сәйкес — Тарихқа тағзым күні болып белгіленген. Бұл күні жастарды ұлттық құндылықтарға баулу, ұлттық рухта тәрбиелеу, туған өлкенің тарихы туралы ойларын кеңейту, қалыптастыру мақсатында ұлттық, тарихи, өлкетану, көркем мұражайларға экскурсиялар ұйымдастырылады.