Шымкентте Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері А.Асқаров атындағы дендросаябаққа 100 түп ағаш отырғызды.
Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамын мерекелеуде қалалық ҚХА тарапынан түрлі игі бастамалар қолға алынған. Бүгінгі «Таза қала» акциясы аясында өтіп жатқан ағаш отырғызу іс-шарасы осының бір көрінісі.
—Шымкенттегі этномәдени бірлестіктердің мүшелері де Наурыз мерекесін ерекше жағдайда қарсы алып, қазақ халқының салт-дәстүрлерін жаңғырту, бейбітшілікті сақтау, қайырымдылықты және этносаралық қатынастар мәдениетін дамыту, қоғамдағы достық пен сенімді нығайту, қала аумағын абаттандыру шараларымен жалғастыруды мақсат етіп отыр. Биыл А.Асқаров атындағы дендросаябақта ҚХА мүшелеріне арналған «Достық» аллеясы үшін жер бөлінді. Бүгін қаламыздағы 17 этно-мәдени бірлестіктің төрағалары мен қоғамдық құрылым өкілдері арнайы бөлінген жерге ағаш отырғызуды бастап кетті. Біз алғашқы кезеңде 100 түп көшет отырғызуды жоспарлап отырмыз, — деді Шымкент қаласының ҚХА хатшылығының меңгерушісі Мұхтар Ақжігітұлы.
Көшет отырғызу ісі қаланы көркейтумен қатар қоршаған ортаға, табиғатқа, адамзатқа да жасалған қайырымдылық дегенді алға тартқан шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Рамазан Матаев шымкенттіктерді көбірек тал егуге шақырды.
—Наурыз — бейбітшілік пен достықтың, молшылықтың мерекесі. Осы мейрам қарсаңында ағаш отырғызу акциясын ұйымдастыру құптарлық іс. Әр адам жоқ дегенде бір ағаш егу керек. Ал, 10 көшет отырғызса Жер-Ана алдындағы мың парызының бірін орындағаны. Сондықтан барша қала тұрғындарын өз қаламыздың табиғатын жақсарту, болашақ ұрпаққа үлгі ету үшін көбірек ағаш отырғызуға шақырамын,—деді этномәдени бірлестік төрағасы.
Ұйымдастырушалардың сөзінше, таңнан бастау алған көшет отырғызу акциясы кешке дейін жалғасын таппақ.