Құстарға қамқорлық бастамасын Шымкент қаласының зоологиялық саябағы қолға алып отыр. Мұндай игі шара 1 сәуір — Халықаралық құстар күніне дайындық екен. Дендросаябаққа жиналған ерікті оқушылар құстардың ұяшығын ағаштарға орнатып шықты.
— Акция жыл сайын өткізіледі. Осы арқылы оқушылардың, қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін көтеріп, қоршаған ортаға құрмет көрсетіп, табиғатты аялай білуге шақырамыз. Шымкент зоологиялық бағы білім басқармасына құстарға ұя жасау бойынша ұсыныс берген болатын. Нәтижесінде, оқушылардың қолымен жасалған 1000-ға жуық ұяшық жиналды. Оның 500-ге жуығын дендросаябақ пен зоологиялық баққа орнатамыз. Қазір қаладағы өзге саябақтарға да ұсыныс беріп жатырмыз. Қолдау тапса, ерікті жастардың көмегімен құс ұяшықтарын орнатуға дайынбыз, — деді Шымкент зообақтың биолог қызметкері Бағдат Әмзебекұлы.
Акцияның басты мақсаты — оқушылардың табиғатты сүюге, аң құстарды сақтауға, қамқорлық көрсете білуге үйрету. «Құстарға қамқорлық» ұраны аясында еңбек пәні мұғалімі Қадірғазы Қайнар жас буындарға ұя жасауға, оларды іліп құстарға қамқорлық жасауға үйретті.
Қазіргі таңда жас ұрпаққа үздіксіз экологиялық білім мен тәрбие беріп отырсақ ұрпағымыздың дені сау, болашағымыз мықты болары хақ.
Қазіргі таңда жас ұрпаққа үздіксіз экологиялық білім мен тәрбие беріп отырсақ ұрпағымыздың дені сау, болашағымыз мықты болары хақ.
Шымкенттік оқушылар әр жылы құстарға ұя жасау бастамасына белсенді қатысады. Биылдың өзінде 50 мектептің 1000-нан астам оқушысы өздері жасаған құс ұяларын табыстап, табиғатқа қамқорлығын білдіріпті. Олардың қатарында қаладағы №24 мектептің 9-сынып оқушысы Хангелдин Әлеуиддинов те бар.
—Құстарға ұя жасау акциясына осымен екінші жылы қатысып отырмын. Өз қолыммен жасаған ұяны ағашқа орнатып жатқанда ерекше қуаныш сезімін бастан өткіздім. Бұдан кейін де табиғатқа қамқорлық көрсетуге арналған акцияларда белсенділігімді жалғастырамын, — дейді жас табиғат жанашыры.