Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » «Наурыз Шымкенттен басталады» атты мерекелік шараcы өтті

«Наурыз Шымкенттен басталады» атты мерекелік шараcы өтті

Бүгін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінің қарсаңында Шымкент қаласында жаңа ипподром пайдалануға берілді. Жаңа нысанның ашылу салтанаты «Наурыз Шымкенттен басталады» атты мерекелік шараның аясында өтті.
Ашылу салтанаты әр өңірдің салт-дәстүрін насихаттайтын Батыс пен Шығыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің керуенін күтіп алудан басталады. Бұл керуендердің құрамында әр өңірдің белгілі өнерпаздары мен спортшылары болды. Батыс керуенін елімізге белгілі әнші Т.Асар, Шығыс керуенін дәстүрлі әнші А.Балажанова, Солтүстік керуенін танымал эстрада әншісі М. Садуақасова, Оңтүстіктің керуенін жергілікті дәстүрлі әнші Н. Серікбаева бастап шықты. Мұнан кейін бәйге, қыз қуу мен теңге ілу секілді ұлттық спорт түрлеріміз көрерменге паш етілді.
Салтанатты шарада Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пен осы нысанды салып, шаһарға тарту еткен BI GROUP компаниясының бас директоры Айдын Рахымбаев құттықтау сөз сөйледі.
–Осыдан бір жарым жыл бұрын Шымкент қаласының халқына жаңа, заманауи, халықаралық стандарттарға сай келетін ипподром салып береміз деп уәде берген болатынбыз. Бүгін сол уәдені орындап отырмыз. Бұл Қазақстандағы ең үлкен атшабар кешені болып отыр, – деді А.Рахымбаев.
Қала әкімі М.Әйтенов осынау үлкен кешенді өз қаржысының есебінен салып, Шымкент қаласына тарту еткені үшін BI GROUP компаниясының басшылығына алғысын айтты.
–Бүгін Наурыз мейрамының қарсаңында ұлттық спорттың дамуына әсер ететін үлкен, жаңа, заманауи ипподромның ашылуына куә болып отырмыз. Біздің осы қуанышымызға ортақтасып Шымкент қаласының, оңтүстік өңірдің дамуына еңбек сіңірген қадірлі ел ағалары еліп отыр. Баршаңызды Наурыз мерекесімен құттықтай отырып, бүгін осы шараға арнайы уақыт бөліп келгендеріңіз үшін алғыс айтамын. Ипподромның ашылу салтанатына орай ұлттық спорт түрлерінен халықаралық жарыс өткелі отыр. Оған 1 мыңнан астам спортшы, соның ішінде 126 шетелдік спортшылар келіп қатысуда. Демек, жаңа ипподром ат спортының дамуына тың серпін береді, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Айта кетейік, жаңа ипподромда еліміздегі ең үлкен бәйге алаңы бар. Ипподром аумағында 1 500 көрерменге арналған трибуна, ат аренасы бар манеждер, жабық стенд ғимараты, ветеринарлық блок, 300-ден астам көлікке арналған тұрақ қарастырылған. Трибунаның жоғары қабатында ашық терраса бар. Ұзындығы 2012 метр жарыс жолы салынған. Көкпарға, атпен секіруге арналған алаңдар кварцты құмдармен, табиғи тастармен безендірілген. Әлемдік стандарттарға сай салынған жаңа иипподром мегаполистегі халықаралық спорт және ойын-сауық жарыстары өтетін орындардың біріне айналып отыр.
Ата-аналар мен олимпиадалық резервтегі ат спорты мектебінің өкілдері де компанияға жаңа ипподромда жаттығу жасауға мүмкіндік бергендері үшін, сондай-ақ Шымкент пен Түркістан облысының командасын оқу-жаттығу жиындарына жіберуге демеушілік көрсеткені үшін алғыс білдірді. Осы қолдаудың арқасында спортшылар Қазақстан-2022 жаһандық туры аясында 7 жүлделі орынды және «Almaty Horse & Polo Club кубогы» аясында 3 жүлделі орынды иеленді. Естеріңізге сала кетейік, қоғам қайраткерлері мен спортшылар ескі ипподром инфрақұрылымының ескіруіне және жарамсыздығына байланысты ат спорты үшін заманауи орын қажет екенін бірнеше рет атап өткен болатын.⁣⁣⠀

Пікір жазу