Көктемгі Наурыз мейрамы қарсаңында Шымкенттегі Бозарық ауданында жаңа ипподромның ресми ашылуы өтті. Іс-шара ауқымды Great Qazaq Games ұлттық ойындарына ұласты.⠀
Ипподромның салтанатты ашылуына арналған бағдарламаны еліміздің әр аймағынан келген қонақтар, өңірдің, қаланың дамуына үлес қосқан қадірлі азаматтар, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының басшылығы, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары тамашалады. Мерекелік бағдарлама «Қаражорға» жаппай биімен қорытындыланады.
Айта кетейік, жаңа ипподромда еліміздегі ең үлкен бәйге алаңы бар. Ипподром аумағында 1 500 көрерменге арналған трибуна, ат аренасы бар манеждер, жабық стенд ғимараты, ветеринарлық блок, 300-ден астам көлікке арналған тұрақ қарастырылған. Трибунаның жоғары қабатында ашық терраса бар. Ұзындығы 2012 метр жарыс жолы салынған. Көкпарға, атпен секіруге арналған алаңдар кварцты құмдармен, табиғи тастармен безендірілген. Әлемдік стандарттарға сай салынған жаңа иипподром мегаполистегі халықаралық спорт және ойын-сауық жарыстары өтетін орындардың біріне айналып отыр.
Ипподромның ашылу салтанаты Ұлыстың Ұлы күні Наурызға арналған «GREAT QAZAQ GAMES» іс-шарасымен жалғасуда. Онда еліміздің барлық өңірлерінен және Түркия, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Сауд Арабиясы мен Иорданиядан келген спортшылар бақ сынауда. Олар 3 күн бойына көкпар, бәйге, қыз қуу, теңге ілу, аударыспақ, қазақ күресі, дәстүрлі садақ ату, тоғызқұмалақ және өзге де ұлттық спорт түрлері бойынша бақ сынайды.
Ипподромның артықшылықтары ретінде:⠀
— 39 га жерді алып жатқан кең аумақты;⠀
— аттар мен шабандоздардың қауіпсіздігі үшін арнайы амортизациялық қоршаумен қоршалған ұзындығы 2012 метрге созылған ат жарыс жолын;⠀
— 54 жылқыға арналған ат қора мен жазғы үй, киім ауыстыратын және ат спорты алаңы бар манеж, атпен қарғып өтетін және көкпар алаңдары, жылқыларды серуендетуге арналған 6 шалғын жер, ветеринарлық бөлімшені;⠀
— ашық террасасы бар 1500 көрерменге арналған трибунаны;⠀
— 340 көлікке арналған көлік тұрағы, қосалқы үй-жайлар мен 6 мыңнан астам егілген ағашты;⠀
— кварц құмымен толтырылған алаңқайлар, табиғи тастар қойылған жеке жасыл аймақ, жас көшеттер мен күркелерді атауға болады.
Нысанды BI Group құрылыс компаниясы салды. 20 айда бой көтерген жаңа ипподром – Қазақстандағы ең үлкен ипподром.⠀
BI Group Директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев:⠀
Осы өңірдің балаларына жақсы, заманауи жағдайда кедергілерді атпен қарғып өтумен айналысуға мүмкіндік беретін бұл жобаны жүзеге асыру біз үшін үлкен мәртебе болды. Нысанды уақытында тапсыру үшін тәулік бойы жұмыс істеген құрылыс бригадасы қыруар жұмыс атқарды. Компания уәде еткендей, біз бұл ипподромды Шымкент қаласына сыйлық ретінде өз қаражатымызға салдық. Жаңа ипподромның салынуымен ат спортының болашағы зор боларына сенімдімін!⠀
Фото Серік Қосаев