Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » ШАРДАРА АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАЙДЫ

ШАРДАРА АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАЙДЫ

Құрметті жерлестер!

Баршаңызды Тұңғыш Президент күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бүгін шардаралықтар барлық қазақстандықтармен бірге ерекше мереке – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің күнін атап өтудеміз. Бұл мереке жаңа тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың айрықша еңбегіне құрмет ретінде белгіленді. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан басшылығына қиын кезеңде келді. Алайда, Мемлекет басшысының кемеңгерлігі мен саяси ерік-жігері қиындықтарды еңсеріп қана қоймастан, бүгінгі таңда еліміздің экономикасы қарқынды дамушы мемлекеттер қатарымен терезесі тең дәрежеде дамуына айрықша күш салып келеді.
1991 жылдың 1 желтоқсанында бүкілхалықтық сайлау арқылы біздің халқымыз өзінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты сайлады және сол сәттен бастап Тәуелсіз Қазақстанымыздың тарихы бастау алды.
Қазақстанның іргетасын қалап, шекарасын шегелеп, болашаққа бағыт-бағдар берген Тұңғыш Президенттің халық алдындағы еңбегі ұшан-теңіз. Бұл жаңа мемлекет қалыптасуының өтпелі кезеңінде сенімді басшыға өз тағдырын тапсырған Қазақстан халқының жауапты таңдауы еді.

Шын мәнінде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының нәтижесінде тәуелсіз Қазақ елі қалыптасып, тарихымыз түгенделіп, тіліміз, дініміз және діліміз қайта оралып, мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданды.
Әлем Қазақстанды Елбасының арқасында таныды. Елбасы «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген еді. «Қазақтың бүкіл тарихы – бірігу тарихы» деп Елбасымыз қадап айтқандай, Егемендік, Тәуелсіздік, Мәңгілік Ел ұлтты біріктіруші күшке, ұлттық идеологияның рухани тірегіне айналды. Ол мемлекеттіліктің өркениет жолын ұсынды. Президенттік саяси институт енгізді. 26 жылда Қазақстан әлемнің азулы мемлекеттерінің қатарынан өз орнын ойып алды.
Ғасырға бергісіз жиырма алты жыл ішінде қазақ деген ұлтты, Қазақстан атты мемлекетті Еуропа да, мұхиттың арғы жағындағы АҚШ та, көрші Ресей мен Қытай да мойындап, стратегиялық әріптестікке қол қойды. Қазақтың шекарасы айқындалып, ол Ресей, Қытай, Өзбек елі Парламентінде тиісті ратификациядан өтті, заңды құжатқа айналды.

Республика Президентінің жетекшілігімен кең ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар жүзеге асырылды. Қазақстан мемлекеттілігінің негізін қалаушы – еліміздің Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаев халықты жарқын істерге жұмылдыру, қоғамдағы татулық пен келісімді нығайту, бүкіл халықаралық қоғамдастықтың ризашылығы мен құрметіне ие болған жаһандық және өңірлік бейбіт бастамалардың авторы ретінде елдің сыртқы саяси бағытын дәл айқындау ісіне орасан зор үлес қосты.
«Нұр Отан» партиясының ХVІ сьезінде қазақстандық мемлекеттілікті нығайтудың бес негізгі институттық реформасын айқындап, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын ұсынды.

Бүгінгідей бүкіл әлемді шарпып отырған әлемдік дағдарыс жағдайында «100 нақты қадам» Ұлт жоспары ел экономикасын жаңғырту, елімізді дамудың жаңа деңгейіне көтерілуіне серпін беріп, жүзеге асырылуда.
Астана қаласында өткізілген «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесі Қазақстанның әлемдік аренадағы беделін нығайтып, жаңа жетістіктерге жеткізді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көтерілген мәселелер халқымыздың санасын жаңғыртып қана қоймай, елімізді жаңа белестерге көтеріп, дамыған 30 елдің қатарына енуді мақсат етіп отыр.

Құрметті шардаралықтар!

Бүгінде ел тарихына алтын әріптермен жазылатын 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні мерекесі елдікті ту еткен халқымыздың асқақ арманы мен айбарлы рухының мерекесіне айналды.
Баршаңызды осы мерекемен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін.

Ізгі ниетпен, Болатбек ҚЫСТАУОВ,
Шардара ауданының әкімі.

Пікір жазу