Шымкентте денсаулық сақтау саласына ерекше назар аударылып отыр. Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Н.Асылбеков биыл мегаполис медицинасын дамыту үшін ауруханаларды ауыр медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіп, дәрігерлердің біліктілігін шыңдай түсеміз деген-ді. Ал, мұның барлығы қала тұрғындарын қолжетімді әрі сапалы медициналық қызметпен қамту мақсатында атқарылып отырған жұмыс. Айтылған сөздің іс-жүзінде орындалуы да көңілге сенім ұялатады. Оған 21-24 ақпан аралығында Шымкентте өткен ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының күндері дәлел. Іс-шара еліміздің денсаулық сақтау саласына жаңа медициналық технологияларды енгізіп, өңірдегі ауруханалардың әлеуеті мен мүмкіндігін арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Оған ҚР ПІБ Медициналық орталығы мен Орталық клиникалық ауруханасының 25 жетекші маманы атсалысты.
ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының Шымкент қаласындағы күндері аясында делегация өкілдері халыққа тәжірибелік және консультативті-әдістемелік көмек көрсетіп, күрделі операциялар жасады. Сондай-ақ, мегаполис дәрігерлеріне шеберлік сағаттарын өткізді. Күрделі оталар үшін қаладағы заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған 4 медициналық ұйымның базасы ұсынылды. Олар — Шымкент қалалық онкологиялық орталығы, «Жүрек орталығы», №1 клиникалық және №2 аурухана. Делегация құрамындағы жетекші мамандар аталған ұйымдардан бөлек, Шымкент қалалық перинаталдық орталығы мен «Атамекен» медицина орталығында шеберлік сағаттарын өткізіп, науқастарға кеңес берді.
Алғашқы күні делегация мүшесі, гастрэнтеролог Г.Исакова Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының дәрігерлерімен бірге консилиум өткізді. Дәрігерлер кардия ахалазиясы диагнозымен келген науқастың талдамаларымен танысып, еміне кеңес берді. Ал, «Жүрек орталығында» жоспарлы 5 ота өтті. Оның үшеуі — жүрекке криоабляция операциясы. Сондай-ақ, осы күні қалалық №2 ауруханада еліміздің білікті нейрохирургі М.Бердіқожаевтың қатысуымен ми қан-тамырлары ауруларының эндоваскулярлы емі жайында шеберлік сағаты өтіп, 3 науқасқа күрделі ота жасалған. 1951, 1957 және 1934 жылы туған науқастарға жасалған ота сәтті өтіп, бүгінде ми қан тамырларының бұзылыстарына байланысты ем алған екі азаматтың жағдайы тұрақталуына байланысты үйіне шығарылмақ. Миына қан кеткен 1934 жылғы науқастың да жағдайы отадан кейін тұрақталып, аурухананың инсульт орталығында дәрігерлердің бақылауына алынған.
Шымкент қалалық онкологиялық орталығының дәрігерлері 22 ақпанда ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының жетекші мамандарымен тәжірибе алмасты. Орталық профессоры Е.Абзалбек қалалық №1 клиникалық ауруханасының хирургтарымен бірге тосқауылсыз немесе гангренасыз диафрагматикалық грыжаға лапароскопиялық фундипликация операциясы бойынша шеберлік сағатын өткізді.
Орталық мамандарымен бірлікте жасалған күрделі оталардың басым бөлігі мегаполисте бұған дейін де жасалып келген. Алайда, делегация мүшелері әрбір күрделі отаны жасау барысында заманауи құрал-жабдықтарды қолдана отырып, оны емдеудің жаңа әдіс-тәсілін ұсынды. Бұл күрделі операциялар мен шеберлік сағаттары ем іздеген науқастардың келешекте республикалық маңызға ие ірі қалаларға әуре болмай, өзіміздің өңірде емделуіне мүмкіндік беріп отыр.