Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » МЕМОРАНДУМ МЕГАПОЛИС МЕДИЦИНАСЫН ДАМЫТУҒА ЫҚПАЛ ЕТЕДІ

МЕМОРАНДУМ МЕГАПОЛИС МЕДИЦИНАСЫН ДАМЫТУҒА ЫҚПАЛ ЕТЕДІ

ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының Шымкент қаласындағы күндері қортындыланды. ҚР ПІБ Медициналық орталығы мен Орталық клиникалық ауруханасының 25 жетекші маманы 4 күн ішінде 157 науқасқа кеңес беріп, қала ауруханаларында 16 күрделі операцияға қатысты.
Қорытынды жиында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Шымкент қаласының медицинадағы мүмкіндіктеріне тоқталды.
— Шымкентте тегін медициналық көмек көрсетудің кепілдік берілген көлемі шеңберінде 45 емхана халыққа қызмет көрсетіп отыр. Оның 13-і мемлекеттік, 32-сі жекеменшік ұйым. 2022 жылдың қорытындысына сәйкес, өлім-жітім саны мың тұрғынға шаққанда 35,12 пайызға азайған. Оның ішінде бала өлімі, қан айналымы аурулары мен қатерлі ісік салдарынан болатын өлім-жітім санын біршама азайтуға мүмкіндік туды. Біз өңір медицинасын әрі қарай да дамыту мақсатында ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығына қарасты мекемелермен байланыс орнатып, олардың диагностикадағы заманауи мүмкіндіктерін қолданып, тәжірибе алмасуды көздеп отырмыз. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде онкологиялық ауруларды ерте диагностика арқылы анықтауға қол жеткіздік. Яғни, қалалық аурухана жанынан құрылған ядролық медицина орталығында ПЭТ/КТ құрылғысының көмегімен жылына 3500 адамға диагностика жасауға мүмкіндік бар. Ал, Varian фирмасының Halcyon сәулелі емдеу жүйесінің қатерлі ісікті емдеуде көмегі зор. Бұл құрылғының көмегімен жылына 10 мыңнан астам науқас ем қабылдай алады. Бүгінге дейін 180 пациент осы құрылғының көмегімен ем алып үлгерді. Қалалық ауруханаларға ауыр медициналық жабдықтар алынып, күрделі оталар өзімізде жасалып жүр. Бүгінде Шымкент қаласының денсаулық сақтау жүйесі дамып келеді. Алдағы уақытта көп бейінді клиникалық аурухана мен перинаталдық орталық ашу жоспарланған. Осы жоспарларды жүзеге асыру мақсатында ҚР Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығымен ынтымақтастық меморандумына қол қойылды, — деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой жиын барысында кездесудің маңызына тоқталды.
— Ұлт саулығын нығайту — мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы денсаулық сақтау жүйесін дамытудың басты бағыттарын айқындап берді. Ол — әрбір қазақстандық үшін озық медициналық технология мен әлемдік стандарттарға сай сапалы медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігін арттыру. Мемлекет басшысының тапсырмасына және ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының жоспарына сәйкес, еліміздің әр өңірінде осындай тәжірибе алмасу күндері өткізіліп отыр. Шымкент — медицина кадрларының шеберханасы. Оны кешегі 25 жетекші маманнан тұратын делегациямен бірлескен күрделі оталар кезінде тағы да дәлелдеді. Біздің орталық тың технологияларды трансферт түрінде өңірлерге ендіру мақсатында жұмыс істеп келеді, — деді Алексей Цой.
Шымкент қаласы әкімдігі мен ҚР Президенті Іс Басқармасының медициналық орталығы арасындағы ынтымақтастық меморандум — өңір тұрғындарының денсаулығын сақтау жолындағы маңызды қадам. Ортақ келісімнің нәтижесінде жергілікті медициналық мекеме қызметкерлеріне инновациялық технологияларды оқыту, аурулардың алдын алу, диагностикалау, жаңа медициналық әдістемелерді дамыту бағытында тәжірибе алмасу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Мұндай маңызды құжаттар өңір медицинасының жаңа деңгейге көтерілуіне серпін берері сөзсіз.

 

 

Пікір жазу