Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » Мықтылық мұратсыз келмейді

Мықтылық мұратсыз келмейді

Егер есімізде болса, өткен жылдың соңында шымкенттік 31 жас «Үздік жастар– 2022» премиясымен марапатталған болатын. Бұл жобаның мақсаты – Шымкент қаласының дамуына үлес қосып жүрген түрлі саладағы жас мамандарды ынталандырып, олардың жеткен жетістіктерін замандастарына үлгі ету. Үздіктер қатарынан көрініп, ерекше көзге түскен спорт жаттықтырушысы Айдана ТҮЛКІБЕК пен радиомеханика саласын меңгерген Еркеайым БЕКЕТПЕН арнайы сұхбаттасып қайттық.

Қазақ спортының дамуына жігіттермен қатар намысты, жігерлі, қайратты қыздардың қосып жүрген үлесі орасан. Спортшыларымыз әлемнің талай еліндегі додаларда еліміздің көк байрағын желбіретіп, Әнұранымызды шарықтатты. Шымкенттік Айдана Түлкібек еліміздің атын әлемге танытқан спортшыларымыздың бірегейі. Өткен жылы ол жастар арасынан «Үздік спорт жаттықтырушысы» атағын алды.
–Бала кезімнен спортқа бейім болдым. Мектепте волейбол, баскетбол, жүгіру ойындары болса, алдыңғы қатарда мен тұратынмын. Өзімді кейде спорт үшін жаралған жандай сезінетінмін. Бойымдағы қабілетімді байқаған дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мектепте қандайда бір спорттық жарыс болса, бірінші мені жазып қоятын. Себебі мен кез келген жарыстан жүлдесіз оралмайтынмын, — дейді ол.
Айдана жеңіл атлетикадан марафондарға, халықаралық жарыстарға қатысып, қазақ елінің намысын қорғады. Спорттық мансабын 2011 жылдан бастаған ол 5 мемлекетті аралап, 100-ден аса медальді қоржынға салыпты.
–Бағыма орай үздік жаттықты-рушылардың дәріс алдым. Сол кісілердің арқасында жоғары нәтижеге қол жеткіздім. Үлкен чемпионаттарда бақ сынадым. Орталық Азия ойындарының спорттық жарысына қатысып жүлделі орынға ие болдым, — дейді желаяқ қыз.
Айдана Түлкібектің спорттың өзге де түрлерінен жеткен жетістігі аз емес. Жеңіл атлетикалық жарыстардан 50-ден аса, жартылай марафон сайысынан 30-дан аса жүлдені жеңіп алған. Одан бөлек, трейлраннинг/скайранниг жарыстарына қатысып, қатарластарынан топ жарған.

–Қазақстанда өткізілетін марафондардың бірін қалдырмай қатысып келемін. Спорттық жетістіктерімнің ішінде ең ұзақ қашықтыққа жүгіргенім ультра марафон болды. Каппадокия қаласында ұйымдастырылған «Salomon Cappadocia ultra trail» халықаралық марафонға 80 мемлекеттен 2 500-ге жуық қатысушы келді. Соның ішінен 38 шақырым қашықтықты бағындырып, үшінші орын алдым. Ол жерде әлем елдерінің желаяқтары бас қосты десем болады,– дейді жас спортшы.
Айдана қазіргі кезде қала тұрғындарына салауатты өмір салтын насихаттап, спортқа баулу жұмыстарымен айналысып, қазақ спортының дамуына өз үлесін қосып жүр.
–Қазіргі таңда №2 «Велоспорт және жеңіл атлетика» мектебінде жаттықтырушымын. Бүгінде жасөспірімдерді жаттықтырып, оларды халықаралық жарыстарға дайындап жүрмін. Жетекшілігіммен 800-ден аса шәкіртті даярлап шығардым. Жеке өзім әуесқой клуб ашқан болатынмын. Онда Шымкент қаласы тұрғындарын тау жүгірістеріне баулып, жаттықтырып жатырмын, — дейді Айдана Болысбекқызы.

А.Мұхтарова

 

Пікір жазу