Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » Озат болу – үлкен мәртебе

Озат болу – үлкен мәртебе

Еркеайым Бекет – шымкенттегі үздік жас ғалым. «Үздік жас өндіріс маманы» номинациясын алған ару Шымкент қаласы М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың түлегі, «Ақпараттық технология жане энергетика» мамандығын бітірген. Аталған мамандыққа сұраныс аз болғанына қарамастан, өз бетінше ізденіп жүрген маман.
— Елімізде радиомеханика саласының мамандарына сұраныс аз. Себебі, үздік аналог болып табылатын сандық технология дамып тұрғанда, бәсекелестікке төтеп беру оңай емес. Бірақ өздеріңізге белгілі, әрбір саланың кәсіби, ізденімпаз, жаңашыл маманы қашан да қоғам сұранысына ие,- дейді ол.

Еркеайым еңбек жолын Түркістан индустриалды кұрылыс колледжінде өндірістік оқыту шебері болып бастаған. Қазір жас маман заман ағымына сай шәкірт тәрбиелеуде тынбай еңбек етіп жүр.
— Менің осы салаға келуіме ата-анамның ықпалы тигенін айтқым келеді. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін осы жолда мені шыңдап, болаттай берік болуға үйреткен әкеме шексіз алғыс айтамын. Өйткені, мен қандай шешім қабылдасам да, бірінші қолдауды әкем көрсетеді. Сондықтан мамандық таңдауда дұрыс бағыт-бағдар беретін адамның болуы аса маңызды,- дейді Еркеайым Серікжанқызы.
Әр адам өз саласының үздігі атанғысы келеді. Ол үшін алдына үлкен мақсат қойып, сол жолда тынбай еңбектенеді. Еркейымның бойындағы жақсы қасиеті сол – ол еңбекқор.
— Біздің мекемеге қалалық жастар ресурстық орталығынан ұсыныс түсіп, конкурсқа қатысуға шақырды. Ойланбастан керекті құжаттарды жинақтадым. Шымкент қаласы жастарының арасында үздік атану – үлкен мәртебе. Маман ретінде алғашқы жеңісім болғандықтан ерекше сезімді бастан кешірдім. Көңілімді қуаныш пен мақтаныш кернеді. Аз уақыт ішінде оқығаным мен жинақтаған тәжірибемнің үздік нәтижеге жеткізгеніне қарағанда, менің әлі де биік белестерді бағындыруға мүмкіндігім бар деген ойға келдім,- дейді ол.
Иә, кез келген жетістік адал еңбекпен келеді. Өз салаңда бірінші болғың келсе, алдыңа мақсат қойып, әрекет ету керек. Қарап тұрсақ алынбайтын қамал, аса алмайтын асу болмайды. Ең бастысы, өзіңе деген сенімділік болса болғаны.

А.МҰХТАРОВА

 

Пікір жазу