Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » Жол жөндеу жұмыстары қарқынды

Жол жөндеу жұмыстары қарқынды

Шымкент қаласының әкімдігі қала көшелеріндегі жөндеу жұмыстарын биылғы жылы да жалғастыруды көздеп отыр. Атап айтқанда, 2023 жылы 201,7 шақырымдық 253 көшеде орташа жөндеу жұмысы жүреді. Сондай-ақ, биыл 140,6 шақырым жолда құрылыс және қайта құру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Міне, осы жолдардың арасындағы қаладағы көлік ағынына, кептелістердің азаюына ықпал ететін бірнеше маңызды нысандар бар. Бүгін сол нысандарға жеке-жеке кеңінен тоқталғымыз келеді.
Біріншіден, жылдың соңына дейін пайдалануға берілетін нысандардың қатарында Д.Қонаев даңғылы жалғасының 2-ші және 5-ші кезеңдері бар. Негізінде бұл даңғылдағы құрылыс жұмыстары шартты түрде 6 кезеңге бөлінгенін айта кету керек. Бірінші кезең – Түркістан көшесінен Тұрысов көшесіне дейінгі аралық. Бұл жердегі құрылыс жұмыстары 2021 жылы аяқталған болатын.
Екінші кезеңінде қазір қызу жұмыс жүріп жатыр. Бұл кезең Тұрысов көшесінен басталып, бұрынғы тігін фабрикасының аумағына дейін, яғни, Терешкова көшесіне дейін жалғасады. Ұзындығы – 1,7 шақырымды құрайды. Бұл – өте күрделі учаске. Өйткені, Қонаев даңғылының Тәуелсіздік және Рашидов көшелерімен қиылыстарында 2 жерасты өткелі салынуда. Міне, осы учаскенің құрылысы биылғы жылы аяқталады деп күтілуде.
Басқарманың мәліметі бойынша, құрылыстың 3-ші кезеңі өткен 2022 жылдың жаз айларында аяқталып, уақытша техникалық пайдалануға берілген. Ол Терешкова көшесінен бастап Бадам өзенінің бойындағы Бөгет көшесіне дейін жалғасып жатыр. Жалпы ұзындығы – 560 метр. Бұл да күрделі кезеңдердің бірі болатын. Себебі мұнда халықаралық темір жолдың астынан ені 42 метрлік өткел салынып, 6 жолақты жол өткізілген. Жолдың екі бетіне аяқжолдар салынып, ол да темір жолдың астынан жаяу жүргіншілер өткелі арқылы өткен. Сондай-ақ, мұнда ирригациялық жүйелердің де құрылысы жүріп, іске қосылған.
Д.Қонаев даңғылы жалғасының 4-ші кезеңі, яғни, Бадам өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы 2021 жылы толығымен аяқталып, қазір пайдалануға дайын күйде тұр. Құрылыстың бесінші кезеңі Бадам өзенінен басталып, Сәуле шағын ауданындағы Саттарханов көшесіне дейін жалғасады. Ал, 6-шы кезең Сәуле шағын ауданынан Шымкент қаласының жаңадан салынып жатқан оңтүстік айналма жолына дейін барып, ары қарай Ташкент тас жолына ұласып кетеді. Түйіндеп айтар болсақ, бүгінде Қонаев даңғылы жалғасының бірінші, үшінші және төртінші кезеңінде құрылыс жұмыстары аяқталған. Биылғы жылы екінші және бесінші кезеңдердегі құрылыс жұмыстары да аяқталса, осы даңғыл арқылы Түркістан көшесінен бастап Сәуле шағын ауданындағы Саттарханов көшесіне дейін көлік қозғалысын ашуға мүмкіндік пайда болады.

 

А.Құлжанов

 

Пікір жазу