Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » Биылғы жылы бірқатар жол құрылыс жұмыстарының аяқталуы күтілуде

Биылғы жылы бірқатар жол құрылыс жұмыстарының аяқталуы күтілуде

Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының деректеріне сүйенсек, биылғы жылы Ж.Адырбеков көшесін қайта құру жұмыстары толығымен аяқталады. Бұл көшенің Рысқұлов көшесінен бастап Жандосов көшесіне дейінгі бөлігі және Жібек жолы көшесінен бастап, Тәукехан даңғылына дейінгі бөлігінде жұмыстар толығымен аяқталған. Биыл Жібек жолы мен Жандосов көшелерінің аралығындағы бөлікте қайта құру жұмыстары жүріп, нысан биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Демек, жоғарыда аталған қос нысан пайдалануға берілген кезде Тәуке хан даңғылынан бастап, Тұран шағын ауданына дейін үздіксіз магистралды көшені бойлап жетуге мүмкіндік пайда болады.
Бәйдібек би – Арғынбеков қиылысындағы жолайрық құрылысы қаладағы жол құрылысы саласындағы ауқымды жобалардың қатарына кіреді. Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесінің қиылысындағы жолайрық құрылысы бүгінде қарқын алған. Үш деңгейден тұратын жолайрық 2022-2024 жылдар аралығында салынып, қаланың көлік қозғалысын реттеуге үлкен септігін тигізбек. Ауқымды жобаны іске асырудың нәтижесінде аталған көшелердің көлік өткізгіштік қабілеті екі есеге дейін артады. Жолайрықтың техникалық сипатына орай Бәйдібек би даңғылының 700 метрі, Арғынбеков көшесінің 921 метрі құрылыс аумағына енген. Жоба бойынша ені 80 метрлі төрт-алты жолақты автомагистраль салынып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер және веложол төселеді. Биыл бірінші кезекте Бәйдібек би даңғылындағы эстакаданың құрылысы аяқталып, техникалық пайдалануға беріледі деген болжам бар. Ал, биылғы жылдың желтоқсан айында жолайрықты толығымен техникалық пайдалануға беру межеленген.
Шымкент қаласы әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының дерегі бойынша, 2022 жылдың соңында асфальтбетон жамылғысы бар және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 67,4 пайызға жеткен. Жоғарыда баяндалған жұмыстарды атқарудың нәтижесінде бұл көрсеткішті 72 пайызға, ал, 2025 жылға қарай 85 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Осының бәрі жергілікті биліктің тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында атқарып жатқан жұмыстары деп бағалауға болады.

 

Пікір жазу