Шымкент қаласында «Алаяқтықтың заманауи түрлерінің алдын алу» атты пилоттық жобасы аясында қалалық прокуратура, жергілікті құқық қорғау және уәкілетті мемлекеттік органдар бірлесе әрекет етіп, алаяқтықтың алдын алу шараларын қолға алды.
Шымкент қаласы прокуратурасының қылмыстық қудалау басқармасының басшысы Жандос Досановтың мәлімдеуінше, шаһарда алаяқтық қылмыстармен күрес шараларының нәтижесінде қылмыстардың тіркелуі 43 пайызға төмендеген.
Қазіргі таңда интернет-алаяқтық істер «Инстаграм» әлеуметтік желісі, «Колеса», «ОЛХ», «Крыша» секілді сайттар мен «Каспий», «Еуразия», «Халық» интернет банкингтерін қолдану арқылы жасалады, дейді құқық қорғау органдарының өкілдері. Қылмысқа баратындар негізінен азаматтарға жұмыс ұсыну арқылы жалған сенімге кіру, банк өкілімін деп таныстыру арқылы сенімге кіреді екен.
Ал кибер алаяқтықтың кең таралған тәсілдері – интернет-хабарландырулар бойынша тауар мен қызмет үшін алдын ала төлем не толық сома алу, микрокредиттік ұйымдардың сайттарында жалған онлайн-қарыздар ресімдеу, банк қызметкерінің атынан қоңырау шалу арқылы банк шоттарынан ақша қаражатын жымқырады.
Қазіргі таңда ұялы телефонға хабарласып, өздерін банк өкілімін деп таныстыратын, іс-әрекеті күмәнді жағдайларға жиі куә болып жүрміз. Кейбір тұрғындардың ватсап желісі арқылы алаяқтардың ақша сұрайтыны жайлы жазбаларынан да хабардармыз. Осы ретте өзім де мынадай жағдайларға кез болғанымды айта кетсем. Өткен жылы «Вк» желісінде бір танысымның фотосын, аты-жөнін жазған әлдебіреу қарызға ақша сұрады. Мен бұл әрекетке күмәнмен қарадым. Сол танысыма хабарласып осы жағдайды айтып едім, басқалар да осындай жайтпен хабарласыпты. Сөйтіп, бұл алаяқтық әрекет екені әшкере болды.
Одан бөлек, ОЛХ платформасында да алаяқтар құрған түрлі схемалардың бар екені анықталып отыр. «Сатуға қойылған затты арзан бағалайтын, жеткізіп бермей тұрып ақша сал» деген жағдайлар кездескен.
Прокуратура өкілдерінің айтуынша, кибер қылмыскерлер өздерінің алаяқтық сұлбаларын әркез жетілдіріп отырады. Көбіне, халықтан алдау арқылы ақша алу үшін өздерін күштік құрылымдардың қызметкерлері ретінде таныстырады, жетекші компаниялардың логотиптерін, танымал медиа тұлғалардың және жоғары лауазымды адамдардың суреттерін пайдаланады.
Жалпы айтқанда, қала тұрғындары кез келген оңай ақша табу жарнамаларына күмәнмен қарап, түсініксіз жағдайда құқық қорғау органдарына хабарласуы керек. Шымкент қаласы прокуратурасы өкілдерінің мәліметінше, қаңтар айында басталған пилоттық жобаның аралық нәтижесі 1-ші тоқсанда қорытындыланады. Одан кейін алтты айлық қорытындыны БАҚ-қа арнайы хабарламақ. Қазіргі талдау жұмыстары көрсеткендей, жәбірленушілер саны 30-40 пайызға төмендейді деген болжам бар.
А.Құлжанов