Былтыр республика аумағында 2,1 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілген. Ал, Шымкентте өткен жылы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 70 мың шаршы метрге жетіп, жылдық жоспар асыра орындалған. Пайдалануға берілген тұрғын үй бойынша Шымкент қаласы көш басында тұр. Бұдан бөлек, биыл шымкенттіктерді баспаналы ету мақсатында тұңғыш рет өңірлік бағдарлама қабылданды. Баспана алуға мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарламалар туралы тарқатып айтсақ.
Шымкент қаласында тұрғын үйге түрлі санат бойынша 49 752 адам кезекке тұрған. Оның 1928-і ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар, 10 556-сы көпбалалы отбасы санатына жатады. 17 297 адам халықтың әлеуметтік әлсіз тобы бойынша тіркелген. 19 943-ы мемлекеттік қызметші, бюджеттік ұйым, әскери қызметші санатымен тіркелсе, 28 азаматтың баспанасы апатты деп танылған. Үй кезегіне тұру ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңымен реттелгендіктен жоғарыда көрсетілген санаттарға жатпайтын азаматтар тіркеле алмайды.
Қазіргі таңда халықты баспанамен қамтуда ашықтық маңызды. Сондықтан республика көлемінде тұрғын үй алу кезегі бірыңғай электронды нұсқада kezekte.kz электронды порталы арқылы іске асырылады. Кезекке тұруға азаматтар ЭЦҚ арқылы өтініш беріп, сол портал арқылы кезегін бақылай алады. Тұрғындарды баспанамен қамтуда бірнеше бағытта мемлекеттік бағдарламалар қабылданған. Айталық, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «2-10-20» (Бақытты отбасы)», «5-10-20» (Шаңырақ) және «2-20-25» және жұмысшы жастарға арналған «Жастар бағдарламасымен» қаншама тұрғын баспанаға қол жеткізді. Шымкенттіктер үшін жағымды жаңалық, биылдан бастап «Қамқор» өңірлік бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама арқылы Шымкент қаласында 150 адамды тұрғын үймен қамту жоспарланған. Өңірлік бағдарламаның ерекшелігі тұрғын үй кезегіне тұру бойынша санаттарға жатпайтын азаматтарға жеңілдетілген пайызбен ипотекалық несие беру қаралады.
Қалалық тұрғын үй басқармасының мәліметінше, 2022 жылы 748 отбасы арендалық баспанамен қамтылған екен. Биыл 324 отбасына жалдамалы пәтердің кілті табысталғалы отыр. Ал, жұмыс істейтін жастар санатындағы азаматтарға кезекке тұрмай-ақ баспаналы болу мүмкіндігі бар. Өткен жылы 857 жасқа жалдамалы пәтердің кілті табысталса, 2023 жылға 888 жасты баспаналы ету жоспарланып отыр.
Б.Нұржанқызы