Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » «Суреткердің парасат биігі» атты бейнебаян ұсынылды

«Суреткердің парасат биігі» атты бейнебаян ұсынылды

«Бір ел–бір кітап» республикалық акциясы аясында биыл оқушыларға жазушы, драматург, қоғам қайраткері Төлен Әбдіктің шығармаларын насихаттап-оқыту бекітілген. Осыған орай, оқырмандармен Шымкент қаласының орталықтандырылған балалар кітапханасы жүйесіндегі Отбасылық кітапханада жазушының «Оң қол» әңгімесі бойынша талдау өтті.

Кеш барысында «Суреткердің парасат биігі» атты бейнебаян ұсынылып, оқушыларға қаламгердің шығармашылығы мен өмір жолы баяндалды. Жазушы шығармаларының ерекшелігі — оның адам санасындағы, ойындағы сан алуан сезім мен психологиялық құбылыстарға көңіл бөліп, оны ерекше суреттеп жеткізуінде. Автор «Оң қол» әңгімесінде Алманың түсі арқылы адамның жан дүниесіндегі үздіксіз жүретін үрей мен үміт, өмір мен өлім арасындағы арпалысты, ішкі толғанысты көркем кестелей білген.
Драмалық-психологиялық жанрдың қарлығашы деуге лайық «Оң қол» әңгімесі бүгінгінің өзекті тақырыбының бірі – суицид мәселесін тұспалдап қоятындай. Алма неге өз қолының құрбаны болды? Әлде жазушы жақсылық бар жерде жамандық қатар жүретінін немесе адамның өз бойындағы жақсылықтың емес, жамандықтың құрбаны болатынын айтқысы келді ме? Осы сауалдарға жауап іздеген оқырманның ойы сан-саққа кетеді.
Қаладағы Ахмет Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Г.Раманқұлова, мектеп кітапханашысы А.Сманова және осы мектептің 7 «ә» сынып оқушылары жазушының шығармасын оқып, түйген ойын ортаға салды. Оқушылар қазақ әдебиетінде философиялық сарынды дамытқан қаламгердің өзге де туындыларындағы көркемдік ерекшелікке тоқталып, пікір алмасты.

Гүлипа АРТЫҚОВА,
Шымкент қалалық орталықтандырылған балалар кітапханасы жүйесіне қарасты
Отбасылық кітапхананың кітапханашысы

 

 

Пікір жазу