Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ОҢАЛТУДАҒЫ ОҢДЫ ӘДІС

ОҢАЛТУДАҒЫ ОҢДЫ ӘДІС

Эрготерапия — науқастың іс-әрекет белсенділігін қайта қалпына келтіруге бағытталған оңалту әдісі. Яғни, дәрі-дәрмексіз жаттығумен жұмыс істеу арқылы емдеу.
Бүгінде бұл әдіс оңалту ісіндегі жаңа бағыт ретінде қолданылып жүр. Балалардың церебральді сал дертіне, бас-ми жарақатын алған және тірек-қимыл аппараты бұзылған науқастарға эрготерапия әдісі қолданылып, өзінің нәтижесін көрсетіп отыр. №2 балаларды оңалту орталығының неврологиялық бөлімшесіне бірнеше мәрте келіп, эрготерапия әдісімен ем алып жүрген Е.Аянат, Ш.Оразгелді есімді емделушілеріміз бүгінде өз-өзіне қызмет ету дағдыларын үйренді. Киіну, түймелеу, бау өткізу, оны байлау, заттарды жинастыру сынды әрекеттерді өздері істей алатын күйге жетті. Қол қимылдарын дамыту мақсатында «Айна терапиясы» әдісінің жаттығуларын жасады. Балалардың ата-анасы эрготерапиядан кейінгі нәтижеге қуанып, орталық мамандарына алғысын білдірді.

Эрготерапияның көмегімен бала қалауына сай өзін қоршаған әлеуметтік, физикалық және мәдениеттік ортасының қажеттілігіне сай толыққанды өмір сүруге үйренеді. Әр бала үшін жайлы орныққан қалыпта дұрыс қозғалуға, іс-әрекеттерге үйретеді. Балалардың әрқайсысы үшін денсаулық жағдайларына байланысты міндеттер де әр түрлі болады. Сондықтан эрготерапия әдісінде әр баламен жеке жұмыс жасалынады. Сабақтардың ойын түрінде болуы балаларға өте ұнайды. Сонымен қатар бала үшін ұсақ моторика дағдысы мен сөйлеу дағдысының дамуын қолдайтын ақпараттық ортаны құру да маңызды болып табылады.
Біз орталық қызметіне жүгініп, қалыпты қозғалуды үйренген әрбір бала үшін қуанамыз. Себебі, олардың дұрыс қозғалуы, қалаған әрекетін ешкімнің көмегінсіз орындауы — мамандар еңбегінің жемісі, ата-ананың үмітінің ақталғаны.

Динара СЫДЫҚОВА,
Шымкент қалалық №2 балаларды оңалту орталығының эрготерапевті

 

 

Пікір жазу