«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек пен Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы» басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов қаладағы кондитерлік өнім өндіретін ең ірі фабрикалардың бірі «Рахат-Шымкент» еңбек ұжымымен кездесіп, семинар кеңес өткізді.
Еліміздегі атақты «Рахат» фабрикасының Шымкенттегі «Рахат-Шымкент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2001 жылдан бастап іске қосылған. Өндіріс орнында бүгінде мыңнан астам адам жұмыс істейді. Әр жаңа желі іске қосылғанда, жаңадан жұмыс орны ашылып, жұмысшылар қатары толығып отырады.
Семинарда Жарқынбек Айдарбекұлы сөз сөйлеп, қатысушыларға еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау негіздерін, өндірістегі жазатайым оқиғаларды болдырмау жайында, сондай-ақ, еңбек жағдайын жақсарту жөнінде айтып өтті.
Одан бөлек семинар барысында Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жөнінде ақпарат беріліп, түсіндірме жүргізілді. Кездесу барысында жұмыскерлердің еңбек құқықтары талқыланып, тыңдаушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар берілді.
Айта кетейік, жыл сайын «Рахат-Шымкент» кәсіпорында жаңа жұмыс орындарын ашу, өндіріс тұрақтылығын сақтау, жалақыны өсіру көзделген. Қызметкерлермен жасалатын өндірістік қарым-қатынас жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы Ұжымдық шартқа негізделген. Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарымен қоса Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде көзделген барлық талаптардың сақталуы қамтамасыз етіледі. Компания қызметкерлерінің толыққанды әрі өнімді еңбек етуіне қолайлы жағдай жасалуда. Бірінші, екінші ауысым жұмыскерлерін ыстық тамақпен қамтамасыз ету ұйымдастырылған асхана, жоғарғы санатты дәрігерлер қызмет көрсететін медициналық-санитариялық бөлім жұмыс істейді.