Шымкентте «Қауіпсіз еңбек жылы» аясында қаладағы өндіріс орындарында еңбек ұжымдарымен кездесулер жалғасуда. Кезекті кездесуді «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек пен «Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы» басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов шахардағы ірі кәсіпорындардың бірі — «Шымкент құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымында өткізді.
Кәсіподақ ұйымының негізгі міндеті – жұмыскерлердің еңбек және әлеуметтік құқығын қорғауға, еңбек қауіпсіздігінің сақталуына жұмыс жасайды. Ұжымда еңбек заңдылығы бұзылып жатса, мәселені ушықтырмай, оны жұмыс берушімен реттеуге, жазатайым оқиға болған жағдайда еңбек адамына қолұшын беріп, көмектесуге кәсіподақ келеді. Сындарлы диалог еңбек нарығында жұмыс беруші мен жұмысшының арасында еңбек қатынастарын реттейтін екіжақты келісім-шарт немесе еңбек ұжымы мен жұмыс берушінің арасында ұжымдық шарт болған жағдайда орнайтыны мәлім.Өңіріміздің ауыл шаруашылығы саласындағы тауар өнімдерін арттыру бағытында жұмыс жүргізіп жатқан «Шымкент құс» фабрикасы тауық жұмыртқасын және бройлер етін өндірумен айналысады. Қазіргі таңда кәсіпорын қабырғасында 200-ге жуық адам жұмыс жасайды. Фабрикада жұмыртқа өнімін жинау және сорттау процесстері автоматтандырылған жүйеде жұмыс жасайды. Сонымен бірге, мекеме зоотехникалық және ветеринарлық зертханалармен қамтылған.
Тауарлы жұмыртқа бағытындағы құс фермасының қуаттылығы жылына 110 миллион дана жұмыртқа шығарып, 1500 тонна бройлер құс еті етін өндіріп отыр.
Фабрика ұжымымен кездесу барысында қатысушыларға биыл «Қауіпсіз еңбек жылына» орай, еңбек адамының кауіпсіздігі басты назарда екені айтылып, еңбеккерлерге еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау, өндірістік жазатайым оқиғаларды болдырмау және еңбек дауларын алдын-алу, еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайын көтеру сынды түрлі ақпарат айтылды. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу шаралары жөнінде де әңгіме өрбіді.
Жиын соңында қатысушылар аталмыш шаралардың жиі болып тұруын айтып, алған мағлұматтарына алғыс білдірді.