Еліміздің оңтүстік өңірінде кәсіподақтар 1934 жылдан бері жұмыс жасайды. «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі осы кезең аралығында еңбеккерлердің құқықтары мен еңбек қауіпсіздігінің сақталуын, лайықты еңбекақы мен әлеуметтік кепілдіктер алуын қамтамасыз ету мен кәсіподақтардың қоғамдағы рөлін нығайту жолында қызмет етіп келеді.
Қазіргі уақытта орталық құрамында 56 мыңға жуық кәсіподақ мүшесі бар, 300-ден аса бастауыш ұйымын қамтыған 8 салалық кәсіподақ филиалдары мен 7 жергілікті кәсіподақ құрылымдарының қызметін үйлестіреді.
Шымкент қаласының кәсіподақ ұйымының жетекшілері мен жұмысшылары, қозғалыс белсенділері өздерінің уақыттары мен күш-жігерін еңбек адамының құқығының сақталуына жұмсап, Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясының ұстанымын жүзеге асырып, жергілікті билік өкілдерімен, жұмыс берушілермен жиі кездесіп, олармен түйінді мәселелерді талқылаумен қатар шешу жолдарын да қарастырады.
Өткен жылы Шымкент қаласында 4 мыңнан аса кәсіподақ мүшесін қамтитын 21 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды.
«Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев. Оның өмірлік тәжірибесі мол, озық ойлы, кез-келген ортада өзінің білгір ісін көрсететін өршіл мақсаты бар нағыз кәсіподақ көшбасшысы.
Ол өңірдегі әлеуметтік-еңбек қатынастары жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның отырысында өзекті мәселелерді көтеріп отырады.
Бауыржан Ілімшеұлы — Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі. Сонымен қатар, өңірлік Қоғамдық кеңестің төрағасы болып табылады. Халық қамын көп ойлайтын тұлға.
Халқымызда «Көп жас жасағаннан емес, көп игілікті ісі бардан сұра»-демекші ұжымды жетістікке жеткізуге дем беретін басшының ықпалы өңірде кәсіподақтың мерейін үстем етіп жүр.
Төраға іс-сапармен кеткен жағдайда, орнын жоқтатпай, жұмысты жүйелі жүргізіп, қарапайым да парасатты мінезімен ерекшеленген «Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек өз ісінің шебері. Кез-келген форматтағы іс-шараларды ұйымдастыру, жұмыскерлермен кездесу, Кәсіподақтар федерациясының ұстанымын, ұйым мүшелеріне жеткізу секілді тапсырмаларды өз деңгейде орындайды. Іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілеті жоғары. Басшы ретінде қызметкерлерге қоятын талабы да мықты.
Біздің ұжымның серісі, жігіттің төресі, АКБ-ң бас маманы, ҚР Кәсіподақтар федерациясының Заң клиникасының Шымкент филиалының сарапшысы — Ермек Қаңлыбаевпен 2022 жылдан бері қызметтес-әріптес болып келем. Ол кәсіподаққа келгелі біраз тәжірибе жинақтап, кәсіби шеберлігін шыңдап, бүгінде өз ісінің үздігі атанған. Үнемі ізденіс үстінде жүреді, жұмыс ахуалын қалыпты жағдайда ұстайды. Орталыққа құқықтық кеңес сұрап келген азаматтарды мұқият тыңдап, заңды мүддесін қорғауда белсенділік танытады. Бойдақтардың қатарында бой түзеген Ермек Қаңлыбаевтың алдағы күндері ұжым болып тойына барамыз деген үмітіміз бар.
Ұжымға жаңадан келген жас маман Айдана Жолдасбек басшымыздың хатшысы. Айдана – жаны таза, сыпайы мінезі бар, өз ісіне ұқыпты жан. Тапсырылған кез-келген шаруаны тыңғылықты тындыруға асығады.
Мекеменің есеп-қисап бөліміне жауапты тұлға — Гүлжанар Абуова. Бас есепші ретінде өз ісіне адал, атқарған жұмысынан мін таппайсың, эстетикалық талғамы жоғары, адамгершілік қасиеті биік. Жақында Гүлжанар ханым Меккеге кіші қажылыққа барып, мұсылмандық парызын өтеп қайтқан болатын.
Арамыздағы жасы үлкен әріптесіміз, сыйлы жан, шаруашылық бөліміне жауапты маман – Суннат Идияев. Әріптес ретінде байқағаным, өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын, өте тиянақты кісі. Ақыл — парасаты өмірде көрген білгендігімен ұштасып жатады. Орынды әзіл-қалжыңды да сүйеді. Өзіндік мәдениеті жоғары деңгейде, жұмысына берілген адам.
Енді өзімді таныстыра кетейін, мен, Айнұр Бекасанова осы кәсіподақтар орталығының баспасөз хатшысымын. Өз ісімді жаным сүйеді. Іс-шараларды ұйымдастыру, жұмыскерлермен кездесу, Кәсіподақтар федерациясының ұстанымын ұйым мүшелеріне жеткізу, ақпарат жазып, әлеуметтік желілерге салу, БАҚ өкілдерімен жұмыс жасау секілді тапсырмаларға жауаптымын.
Ұжымда әрқайсысымыздың міндетіміз әр түрлі болғанымен, ұстанымымыз – бір. Бәріміздің ортақ мақсатымыз – еңбек адамының мүддесі мен құқығын қорғау үшін аянбай қызмет етіп, кәсіподақ қозғалысын дамытуға өз үлесімізді қосу. Яғни, отандастарыңыздың өмір сапасын арттыруға бағытталған. Осы орайда, кәсіподақтардың әділдік, бірлік және ынтымақтастық қағидаттарына негізделген даңқты дәстүріміз беки берсін!
Еңбек ұжымдары кәсіподақ ұйымын құру туралы кеңес сұраса, біздің есігіміз әрдайым Сіздер үшін ашық!
«Белгіленген меже» челленджін Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығының баспасөз қызметкері Нұргүл Қонақбаеваға жолдаймын.