«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек пен «Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы» басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов «БАРЫС- 2007» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымымен кездесті.
2007 жылы құрылған «БАРЫС 2007» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кәсіпорны «MADINA, КОРОНА» брендімен макарон және ұннан жасалған кондитерлік өнімдерді шығару бойынша Қазақстан Республикасындағы ірі өндірушілердің бірі болып табылады.
Жиында Жарқынбек Құрманбек сөз сөйлеп, биыл Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының 2023 жылды «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялағанын айтып, қатысушыларға өндірістегі жазатайым оқиғалардың жағдайын, еңбек қауіпсіздігін қалыптастырудағы кәсіподақтардың рөлін, еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау бойынша жұмысшыларды оқыту негіздерін, сондай-ақ, еңбек жағдайын жақсарту жөнінде түсіндіріп өтті. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Әлеуметтік мемлекетке 15 қадамды қамтитын «Кәсіподақтар – әділеттілік үшін!» сайлауалды тұғырнамасының негізгі басымдықтарымен таныстырды.
Кездесуде өз кезегінде сөз алған Бауыржан Қалжанов еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау тақырыбы аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, кәсіби аурушаңдықтан сақтау, қауіпті еңбек жағдайларын алдын алу жолдарына тоқталды. Қазақстан Республикасы Заңнамасына сәйкес, әрбір қызметкер еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға, сондай-ақ еңбек, ұжымдық шарттарға сәйкес, санитариялық-тұрмыстық жайлармен, жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге құқылы екені айтылды. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу шаралары жөнінде де әңгіме өрбіді. Жиын соңында ұжым қызметкерлерінің ұсыныс-пікірлері тыңдалып, оларға тиісті жауаптар берілді.