«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Жарқынбек Құрманбек пен «Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы» басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов «Оңтүстік Құрылыс Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлеріне семинар тренинг өткізді.
Қаладағы «Оңтүстік Құрылыс Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2001 жылдан бері белсенді жұмыс істеп келе жатқан Шымкент қаласындағы ірі құрылыс компаниялардың бірі болып табылады. Бүгінде мекемеде 240 адам жұмыс жасайды.
Семинар барысында қатысушыларға еңбек қатынастарын реттеу, еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау, өндірістік жазатайым оқиғалардың, еңбек дауларының алдын-алу, еңбек адамына құқықтық көмек көрсету жөнінде ақпарат берілді.
Еңбекті қорғаудың теориялық және практикалық негіздерін меңгерген мамандарды даярлау, адам қауіпсіздігі мен қорғалуына, оның денсаулығы мен жұмысқа қабілеттілігін сақтауға, төтенше жағдайларда іс-қимыл жасауға дайындығына қойылатын талаптармен тиімді кәсіби қызметтің үздіксіз бірлігі туралы мамандардың түсінігін қалыптастыру.
Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек жиында өңірлік Кәсіподақтар орталығы еңбек адамын ұлықтау, лайықты еңбек жағдайларын жасау, жұмысшылардың еңбек мүдделері мен құқықтарын қорғау бағытында атқарып жатқан жұмыстарымен бөлісіп, биыл Кәсіподақтар Федерациясының «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялауына орай, жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігі басты назарда ұстайтынын алға тартты.
Сонымен қатар, кездесуде қызметкерлердің ұсыныстары тыңдалып, қойылған сұрақтарына тиісті жауаптар берілді.