Шымкентте өтіп жатқан «Наурыз Шымкенттен басталады» мерекелік думанда ұлттық құндылықтар дәріптелді. Салтанатты жиында ұлттық ойындармен қатар, ұлттық киім, ұлттық тағам, ұлттық өнер бойынша сайыстар ұйымдастырылып, бүгін жеңімпаздар марапатталды.
Бүгінгі мерекеге қатысқан ҚР мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов шымкенттіктерді ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтады.
–Әз-Наурыз қызғалдағы құлпырған, жауқазыны жайқалған Шымкент қаласында ерекше аталып өтуде. Осында халықаралық деңгейде ипподром ашылып, барша ұлттық ойындарынан сайыс өтті. Өзіміз аламан бәйге мен көкпардың куәсі болдық. Қазақстанның барлық өңірлерінен спортшыларымыз келіп, осы ұлттық спорт түрлерін, құндылықтарымызды жоғары деңгейге көтерді. Еліміздің көп аймағы әлі қыстан шыққан жоқ. Осыны ескере отырып, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Наурыз мерекесін атап өту тұжырымдамасын түсіндіріп өткен болатын. Осыған орай, мәдениет және спорт министрлігі ұлыстың ұлы күнін тойлау жөнінде жаңа тұжырымдама әзірледі. Тұжырыма негізінде әз-Наурызды барлық аймағы бірдей бір-ақ күн тойламай, «Амал мерекесі», «Тарихқа тағзым» секілді күндермен аталып, 10 күн тойлау ұсынылған болатын. Бүгін біз сол бағдарлама аясында жаңа ипподромда көшпенділердің рухын көтеретін тамаша көріністерге куә болып отырмыз. Балуандар белдесіп, аламан бәйге өтіп, теңге ілу, көкпар тарту сияқты ұлттық спорт түрінен жарыс өтті. Мұның барлығы Наурыздың мерекесінің сәнін кіргізсе, екіншіден алдағы жылы елімізде өтетін «Дүниежүзілік көшпенділер ойынына» қызу дайындығымызды арттырады,- деді министр.
Жаңа ипподром аумағынан ашылған ұлттық нақыштағы этноауылда 170-тен аса киіз үй тігіліп, алтыбақандар орнатылған. Оның ішінде 20 киіз үйді еліміздің өзге өңірлері жасақтап, береке мен бірліктің үлгісін көрсетті. Этноауылда арнайы қазан-ошақ құрылып, онда 2 мың литр наурыз көже пісіріліп, қонақтар ауыз тиді.
–Әз-Наурыз – ырыс пен ынтымақтың мейрамы. Шымкент үшін биылғы жыл табысты болды. Қала экономикасының өңірлік өнімі 3 трлн теңгеден асты. Мұндай көрсеткіш Шымкенттің дамудың даңғыл жолына түскенін, қала тұрғындарының еңбекқор екенін аңғартады. Мәселен, 15 күн ішінде жұрт жұмылып, өздеріңіз көріп тұрған этноауылды құрды. Осы азаматтарға алғыс білдіремін. Өзге өңірден ат терлетіп келген, 20 киіз үй тігіп, қазақтың дархандығын көрсетіп, өз аймағының туристік әлеуетін таныстырған, шымкенттіктерге дәмін ұсынған қонақтарға да алғыс айтамын. Еліміздің бірлігі бекем болсын!, — деді Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов құттықтау сөзінде.
Салтанатты жиында «Үздік киіз үй» байқауының жеңімпазы марапатталды. Өңірлер арасындағы сайыста киіз үйлердің жабдықталуы мен жасақталуы, ондағы қойылған ұлттық тағамдарға мәдениет қайраткерлерінен құралған комиссия мүшелері баға берді. Комиссия мүшелерінің шешімімен Абай облысы тіккен киіз үй үздік деп табылды. Жеңімпаз өңірге қаржылай сыйлық табысталды.