Шымкентте «Наурыз — Шымкенттен басталады» думанды мерекенің бүгін үшінші күні. Жаңа атшабарда өтіп жатқан мейрамда қазақтың ұлттық ойындарынан көкпар, теңге ілу, аламан бәйге, қазақ күресі және садақ ату сайыстары өтіп жатыр.
Атшабар маңындағы этноауылға 160 киіз үй тігілген. Оның ішінде 20 киіз үй өзге өңірлерден келген делегаттарға тиесілі. Әр өңір өзінің тарихы мен туристік әлеуетін таныстырып, қонақтарға наруыз көже үлестіруде.
Думанды мерекеге келген қонақтар арнайы әзірленген наурыз көжеден дәм татты. Этноауылда 2 тонна көже пісіріліп, қонақтарға таратылып жатыр.
—Біз Наурыз мерекесін тойлау үшін Шымкентке арнайы келдік. Шымкенттің адамдары да ауа райы секілді жылы екен. Бүгінгі ипподромдағы жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Жыл сайын наурызда осында тойлауды жоспарлар отырмыз, — дейді Петропавл облысынан келген қонақ Фатима Қадірова.
«Наурыз Шымкенттен басталады» думанды мерекеде «Үздік киіз үй» байқауы ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды. Өңірлер арасындағы сайыста киіз үйлердің жабдықталуы мен жасақталуы, ондағы қойылған ұлттық тағамдарға мәдениет қайраткерлерінен құралған комиссия мүшелері баға берді.
Комиссия құрамында – Құралай Сәтмұқанбаетова, Еркін Шымырқұлов, Бекболат Құрманқожаев, Қалтөре Жұмағулов, Захариддин Қыстаубаев және білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиевалар бар. Әр өңір комсссия мүшелеріне өзінің ерекшелігі, тарихы, туристік әлеуеті, экономикалық дамуы, салт-дәстүрін бірі ән арқылы, бірі қара сөзбен таныстырды.
–Таңдау өте қиын болды. Барлығы үздік. Олардың Шымкентке деген ыстық ықыласын жайған дастарханы мен дайындығынан білуге болады. Қатысушылар киіз үйдің жабдықталуын, ыдыс-аяқ, кебеже мен сандықты орналастыру тәртібін, аңшылық құстың орнын бәрін-бәрін көрсеткен. Ұмыт болған әдет-ғұрыпты жаңғыртқандар да аз емес, – деді мәдениет қайраткері, компазитор Құралай Сәтмұқанбетова.
Комиссия мүшелерінің қорытындысымен Абай облысы тіккен киіз үй үздік деп табылды. Жеңімпаз өңірді қала әкімі Мұрат Әйтенов қаржылай сыйлықпен марапаттады.