Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » 2025 ЖЫЛҒА ДЕЙІН 25 «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» САЛЫНАДЫ

2025 ЖЫЛҒА ДЕЙІН 25 «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» САЛЫНАДЫ

Шымкентте 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 25 мектептің құрылысы жүргізілмек. Аталған пилоттық білім нысандары жалпы 37 700 орынға арналмақ.
Мемлекет басшысының тапсырмасына бойынша Ұлттық жобаның алғашқы кезеңі биыл жүзеге асырылады. Яғни, Шымкентте 2023 жылы 17 300 орынға арналған 12 мектептің, ал келесі жылы 20 400 орындық 13 мектептің құрылысы басталады.
«Жайлы мектеп» аясында бой көтеретін білім нысандарының басты ерекшелігі — оның жабдықталуында. Мамандардың айтуынша, бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар, трансформер-мобильді парталар, трансформациялау мүмкіндігі бар әмбебап акт залы, балаларға арналған жеке шкафтар, оқу-зертханалық құрылғылар, ауыз су бұрқақтары орнатылып, Wi-Fi және жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылмақ. Сонымен қатар, компьютермен жабдықталған физика, химия, биология дәрісханалары мен оқу зертханалары, робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар болады.
— «Жайлы мектепте» қауіпсіздік мәселесі де күн тәртібінде тұрған міндет. Оқушылар мен педагогтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ғимараттар бейнебақылауға алынып, дыбыстық хабарлау жүйесі орнатылады. Ал, террористік қауіптің алдын алу үшін есіктер мен блоктарды бұғаттау функциясы да ойластырылған.
Оқушылар салауатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортпен шұғылдану үшін бастауыш сынып оқушылары мен жоғары сынып оқушыларына арналған спорт залдар мен түрлі алаңдар жабдықталмақ, — дейді Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Арысбекқызы.
Әр мектептің жеке кітап қоймасы, оқу залы, электронды кітапханасы мен ғимараттың әр қабатына коворкиң аймағы болады. Ал, әмбебап шеберханалар, бастауыш кәсіптік білім беруге (тігінші, аспаз, ұста) арналған кабинеттер оқушыларды бейіміне қарай білім алып, машығын шыңдауға мүмкіндік бермек.
Айталық, мектептер пайдалануға берілгенге дейін оған қатынайтын автомобиль жолдары, автотұрақтар, қоғамдық көлік бағыттары мен аялдама, тротуар, орамішілік жарықтандыру мәселелері де толығымен шешілмек.

Пікір жазу