Шымкент қаласында жөндеу жұмыстарынан өткен «Металлургшілер» саябағы қайта пайдалануға берілді. 1 желтоқсан — Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай ұйымдастырылған салтанатты шараға Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев пен қала әкімі Нұрлан Сауранбаев қатысты. Ашылу салтанатында сөз алған өңір басшысы тұрғындар мен қонақтарды мерекемен құттықтап, қайта жаңғыртылған саябақтың 60 жылдық тарихы бар екенін атап өтті.
«Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы баршамызды жаңғыруға, жаңаруға шақырады. Рухани жаңғыру өзімізді құрметтеуден басталады. Қаламызды таза ұстасақ, мәдениеті жоғары болса, тұрмысымыз жетіліп отырса, осындай саябақтарда аналарымыз, апаларымыз, балаларымыз қыдырып, демалып жүрсе, осыдан асқан бақыт жоқ шығар. Рухани жаңғырудың бір белгісі осы болса керек. Дәл осындай саябақтардың қатары жыл санап артып келеді. Қазіргі таңда бұрынғы қорғасын зауытында 40 гектар аумақта жаңа демалыс аймағының құрылысы жүріп жатыр», – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Саябақтың ашылу салтанатында Елбасының курстасы Аманəлі Əбдраманов та сөз сөйлеп, тұрғындар тарапынан ыстық ықыласын білдірді.
«Қала орталығындағы «Металлургшілер» саябағы бүгін адам танымастай кейіпке еніп, жаңарып отыр. Осы істі қолға алған облыс әкіміне алғысымызды білдіреміз. Қаламыз жыл санап көркейіп, демалыс орындары мен саябақтар қатары артып келеді. Бұл дегенеміз ұрпақ денсаулығына, аға буын өкілдерінің ғұмырының ұзақ болуына өз септігін тигізетін дүниелер. Алдағы жылдары мұнда шахмат ойнайтын орталық, балаларға арналған ойын-сауық қондырғылары орнатылмақ» — деді Аманəлі Əбдрахманов.
Айта кетсек, Шымкент қаласындағы «Металлургшілер» саябағының іргетасы 1957 жылы қаланған. Қалпына келтіру жұмыстарынан соң саялы мекеннің аумағы 3,6 гектардан 5 гектарға дейін ұлғайып отыр. Демалыс аймағында соңғы үлгідегі жарық шамдар мен қоқыс жәшіктері орнатылып, келушілерге көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын субұрқақ та салынған.