Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласындағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында Тұңғыш Президенті күніне арналған 1000 адамның қатысуымен мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Шараға қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратының фойесінде ұйымдастырылған «Елбасы жолдауы жылнамасы» атты фото және кітап көрмесін аралап көрді.
Мұнан соң өңір басшысы Назарбаев зияткерлік мектебінің шәкірттері ұйымдастырған «Біз Елбасымен біргеміз» атты флешмобын тамашалады.
Салтанатты жиын «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні» атты арнайы дайындалған бейнебаянның көрсетілімімен басталды. Өз кезегінде сөз алған өңір басшысы жиналғандарды атаулы мерекемен құттықтап, 16 азаматты алғыс хатпен марпаттады.
«Сіздерді 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл барша қазақстандықтар үшін шын мәніндегі жалпы халықтық мерекеге айналған күн. Бүгін Президентіміздің абыройлы сыртқы саясатының нәтижесінде Тәуелсіз Қазақстан 70-тен астам халықаралық, аймақтық және ведомствоаралық ұйымдарға мүше болып отыр. Сеніммен тапсырылған ірі халықаралық ұйымдардың төрағалығын атқырып, маңызды іс-шараларды үлкен деңгейде жүзеге асыруда», – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Бүгінде облыс халқы бірлік пен ынтымақтың, ұлтаралық және ұлтішілік татулықтың арқасында Тұңғыш Президентіміздің «Қазақстан — 2050» Стратегиясының, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының талаптары мен міндеттерін орындауда нақтылы табыстарға қол жеткізуде.
Елбасымыздың «Рухани жаңғыру», яғни қоғамдық сананы жаңғырту міндеттерін жүзеге асыруға оңтүстікқазақстандықтар да өз үлестерін қосуда. Бүгінгі күнге кәсіпкерлер мен демеушілер тарапынан жалпы 30 млрд. 350 млн. теңгені құрайтын 529 өңірлік жоба қолға алынды.
Салтанатты жиын барысында «Шаттық», «Шамсинұр» би ансамбльдері «Рухани жаңғыру» хореографиялық композициясын орындады. Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония әншілері «Елбасы – елдің тұтқасы», Елбасының сүйіп тыңдайтын әндерінен попури орындап, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.
Жиын барысында ұлт лидері Н.Ә.Назарбаевтың «Балалық шағымның аспаны» атты фильмінен үзінді көрсетілді. Ал Арыс қаласындағы әскери гарнизонының хор ұжымы «Нұр аға» әнін орындады.