Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс қаласына қарасты Көкжиде елді мекенінде 1-желтоқсан – Тұңғыш Президенті күніне орай, жаңа спорт залының ашылу салтанаты өтті. Шарада сөз алған қала әкімі Мұрат Қадырбек негізгі мақсат – өскелең ұрпақ арасында салауатты өмір салтын насихаттап, бос уақыттарын тиімді пайдалануға мүмкіндік жасау екендігін атап өтті.
«Бүгінгі ашылған спорт залынан жерлестеріміз сияқты ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген спорт шебері, 2 мәрте Әлем чемпионатының және 2016 жылғы Рио-Де-Жанейрода өткен Олимпиаданың күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл, сондай-ақ еркін күрестен Қазақстан Республикасының спорт шеберлері Жұмабек Нұрсұлтан мен Бұрхан Мадияр сынды спортшыларымыз шығатынына сенімдімін. Сонымен қатар, бокстан Қазақстан Республикасының чемпионы, спорт шебері Қалаубек Олжас, ауыр атлетикадан еліміздің чемпионы Мәуленқұлова Диана сияқты еліміздің мақтанышы болатын спортшылар шыға беруіне тілектеспін!», – деді Мұрат Болатұлы.
Сондай-ақ, аталған өңірде Елбасымыздың «Қазақстан – 2050» стратегиялық бағдарламасы аясында 1-желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесі қарсаңында Байырқұм – Көкжиде асфальт жолы халық игілігіне берілді.