Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРГЕ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРГЕ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Жыл соңына дейін қалада 40 көпқабатты тұрғын үй жөндеуден өтеді. Сондай-ақ биыл коммуналдық меншіктегі 20 тұрғын үйге қайтарымсыз негізде ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Былтыр қаладағы 60 үй ағымдағы және күрделі жөндеуден өткен болатын. Құрылыс барысында тұрғын үйлердің шатыры ауыстырылып, кіреберісі мен жертөлелері, қасбеттері жаңартылды.
Жөндеу жұмыстары тұрғын үй иелерінің 70 пайыз келісімімен жергілікті атқарушы органдарына жазған өтінішіне сәйкес қайтарымды қаржы негізінде жүргізілетін болады.
Тұрғындар қайтарымды қаражат есебінен жүргізілетін күрделі жөндеу жұмыстары бойынша «Тұрғын Үй Шымкент» ЖШС-не өтінім бере алады.
Мекен жайы: Республика даңғылы №12 «А» 3-қабат.
Айта кетейік, Шымкентте тозығы жеткен тұрғын үйлер мәселесін шешу мақсатында алғаш рет реновациялау бағдарламасы іске қосылуда. Қазір бағдарламаны жүзеге асыру үшін арнайы штаб құрылды. Қала аумағындағы жөндеуді қажет ететін тұрғын үйлерге мониторинг жүргізіліп, бағдарламаны кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарланып отыр. Қала басшысы жауаптыларға реновация бағдарламасының ережесін қайта қарауды және инвесторлармен тығыз жұмыс жүргізіп, тиімді ұсыныстар дайындауды тапсырды. Жаңа бағдарлама қаланың сәулеттік келбетіне кері әсер ететін ескірген ғимараттарды жойып, мегаполистің сәулеттік ерекшелігіне сай зәулім үйлер қатарын арттыру үшін қолға алынып отыр. Бағдарлама шартына сәйкес, құрылыс жұмыстары меншік иелерінің келісімі бойынша жүргізіледі. Меншік иелеріне құрылыс кезеңінде уақытша баспана немесе пәтер жалдау үшін ақшалай өтемақы беріледі. Авариялық және тозығы жеткен үйдің орнына салынып жатқан нысаннан қолданыстағы баспанасының көлеміне сай жаңа пәтерлер бөлінеді. Сондай-ақ, қосымша ақы төлеген жағдайда тұрғындарға пәтерін кеңейтуге мүмкіндік беріледі.

Пікір жазу