Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен үшінші мегалопистің Әл-Фараби аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Т. Барлыбаеваның қатысуымен М.Тынышбаев атындағы теміржол колледжі студенттерімен кездесу өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің басты мақсаттарының бірі – отбасында толеранттылықты тәрбиелеу. Бұл – қазіргі уақыттың ең өзекті мәселелерінің бірі және көпэтносты мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды ескеретін болсақ, үлкен маңызға ие мәселе. Біз бала кезден басқа мәдениеттерге, басқа тілдерге құрметпен қараушылықты, өркениетті елдің талаптарын орындау қажеттігін тәрбиелеуге тиіспіз. Бала бойына басқа ұлт өкілдеріне деген достық пейілдің, мәдениетті қарым-қатынастың негіздерін қалай отырып, біз толерантты тұлғаны қалыптастыруға ықпал етеміз.
Ассамблея жанынан құрылған әр түрлі деңгейдегі аналар кеңесі жұмысының негізгі бағыты – елімізде жүргізіліп жатқан отбасылық-демографиялық саясатқа қолдау көрсете отырып, отбасы институтын сақтау мен нығайтуға ықпал ету, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға үлес қосу. Аналар кеңесі әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселелерін шешуге, ұлттық құндылықтарды, дәстүрлерді жаңғыртуға қатысады, әр түрлі іс-шаралар арқылы берекелі, тірлігі мықты әрі тату отбасыларды насихаттайды. Елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформаларды түсіндіру бойынша жұмыстар өз алдына бір төбе.
Аналар кеңесі әлеуметтік мекемелермен, оқу орындарымен, балалар мекемелерімен, бастамашыл орталықтармен тығыз және жемісті ынтымақтастық жасайды. Аналар кеңесінің әлеуметтік жобалар жәрмеңкесінде ұсынылған көптеген қоғамдық маңызды бастамалар мен жобалар осы серіктестіктің нәтижесі болып табылады.