Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамына орай Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан «Таза табиғат» акциясы ұйымдастырылды. Іс-шараның аясында Шымкент қалалық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы құрылымдар «Аналар кеңесі», «Ақсақалдар кеңесі», «Келісім кеңесі», «Журналистер мен блогерлер клубы», «Ассамблея жастары» ұйымы, Медиация кеңесі, Ғылыми-сарапшылық топ, Кәсіпкерлер ұйымы мүшелері мен этно мәдени бірлестіктердің өкілдері Асанбай Асқаров атындағы «Дендросаябағында» ағаш отырғызды.
Акцияға Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы он жеті этномәдени бірлестіктердің төрағалары, өкілдері, жеті қоғамдық құрылым (Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, Журналистер мен блогерлер клубы, «Ассамблея жастары» ұйымы, Медиация кеңесі, Ғылыми-сарапшылық топ, Кәсіпкерлер ұйымы мүшелері) қатысты.
Акцияның мақсаты — қоғамның тазалықты сақтауға деген көзқарасын өзгерту, табиғатты аялау, тұрғындарға қоршаған ортаны қорғау және оны ластамау мәдениетін қалыптастыру.
Дендросаябақтағы ағаш отырғызылған алаңқай Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Достық» аллеясы деп аталды.
Ерікті жастар қала тазалығына жауапты қызметкерлерге көмектесу үлкен мәртебе екенін айтады. Бұл ретте, «Қайырымдылық жасасаң — қайырын өзің көресің» деген тәмсіл жастардың басты ұстанымы.
Коммуналдық мекеменің мамандары да еріктілердің игі қадамына рахметін айтып, ризашылығын білдірді. Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған шара алдағы уақытта да жалғасады. Осы орайда, қаланың белсенді азаматтарын қатарларына қосылуға шақырады.
Сондай-ақ, ерікті топ мүшелері тұрғындарды қала тазалығын сақтауға үндейді. Себебі, «Таза қала — қоғамның айнасы» екенін ескерген жөн. Туған қаламызға жанашырлық танытып, нағыз еңбек адамдарының бейнетін бағалағанымыз абзал.