Шымкент қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің кезекті отырысы өтті. Отырысты Шымкент қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Б.Көмекбаева жүргізді.
Жиында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің бас маманы Ж.Әлжанова 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасын таныстырып,сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген өзгерістер, жемқорлықтың орын алу жағдайлары мен оның алғышарттарын жою жөнінде ақпарат берді.
Сонымен қатар, кеңес мүшелерімен алдағы уақытқа атқарылатын жоспарлар талқыланып, түзілді.
Бүгінде біздің қоғамдағы аналарымыз елімізде болып жатқан барлық жағымды жаңалықтарға, қоғамдағы өміршең өзгерістерге, идеялық-саяси, əлеуметтік мəдени жұмыстарға, мемлекетіміздің бүкіл тыныс-тіршілігіне белсене атсалысып келеді. Статистикалық мəліметтерге сүйенер болсақ, жалпы мемлекеттік қызметшілердің тең жартысынан астамы нəзік жандылардың үлесіне тиетіні анықталған. Бұл үлкен көрсеткіш, жоғары нəтиже мен жақсылықтың нышаны. Аналар кеңесі өз қызметінде Қазақстан Республикасы Конституциясын, Заңдарын, ҚР Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа ала отырып өз міндеттерін атқарады. Атап айтқанда, отбасы жəне ана беделі негізінде қоғамдық келісім мен ел бірлігін қамтамасыз ету, отбасылық құндылықтарды тарату жөніндегі шараларды жүзеге асыру. Аналар кеңесі негізінен қазақстандық патриотизмді, толеранттылықты жəне этносаралық келісімді, ұрпақтар сабақтастығын, ұлттық дəстүрлер мен отбасылық құндылықтарды нығайту жəне сақтау үшін жұмыс жүргізіп, ата-аналардың дені сау, рухани адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірген ұрпақ тəрбиелеудегі жауапкершілігін арттыруға жəрдемдеседі», – деді қалалық Аналар кеңесінің төрайымы Б.Көмекбаева.