Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » QAMQOR ТҰРҒЫН ҮЙ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ТАЛАПТАРЫН ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

QAMQOR ТҰРҒЫН ҮЙ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ТАЛАПТАРЫН ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Шымкентте өңірлік Qamqor бағдарламасы аясында несиелеу үшін алғашқы транш 3 млрд теңгені құрайды. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Өтебаева мәлімдеді, деп хабарлайды didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
– Биыл Шымкентте тұрғын үймен қамту мәселесін шешуде өңірлік Qamqor бағдарламасы іске қосылды. Аталған бағдарламаны жүзеге асыруда 35 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастарға басымдылық беріледі. Тұрғын үйді бастапқы нарықтан немесе қайталама нарықта да үміткерлер өздері тауып, сатып ала алады. Қарыздың максималды сомасы 20 млн теңгені құрайды. Кредит бойынша алғашқы жарна 10 пайыз, жылдық мөлшерлеме 5 пайыз, одан әрі жылдық 3,8 пайызға дейін төмендейді. «Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің» арқасында ипотека мөлшерлемесін төмендетуге болады,– деді Тұрғын үй басқармасы басшысы Жанат Өмірсейітқызы Өтебаева.
Жанат Өмірсейітқызының айтуынша, Qamqor бағдарламасына 63 жасқа дейінгі қатысушының және оның отбасы мүшелерінің ҚР аумағы бойынша соңғы 5 жылда меншік құқығында тұрғын үйдің болмауы, соңғы 3 жыл ішінде Шымкентте тұрақты тіркеуде болуы тиіс. Қазіргі таңда бағдарламаға қатысуға ниет білдірген тұрғындарға мамандар негізгі талаптары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Айта кетейік, Шымкентте іске қосылатын Qamqor бағдарламасымен дәрігер, медбике, санитар, педагог, тәрбиешіл, ЖОО және колледж оқытушылары, ғылыми қызметкерлер, мәдениет және спорт саласының қызметкерлері, журналистер, энергетика саласының және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ филиалының қызметкерлері, мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері баспаналы бола алады.

Пікір жазу