Ардагерлерімізді ұлықтау – ұрпақ парызы. Қарт майдангерлеріміздың жыл сайын қатары сиреп бара жатқаны өкінішті. Бұл күнде Шымкент қаласында 3 соғыс ардагері тұрады. Соның бірі Абылай Қазбаев — Қайнарбұлақ елдімекенінің тұрғыны, Берлин түбіндегі шайқасқа дейін барып, жеңіс туып желбіретіп қайтқан. Нина Егорқызы Мосунова екінші дүниежүзілік соғыста радистер командирі, пулеметші болды. Үшінші ардагеріміз Мұраталы Төлепбергенұлы Брест қамалы, Варшава, Данск, Виссмарк, Биттенбург, Перлеберг қалаларының шайқасына қатысқан.
Жеңіс күні мерекесіне орай ҰОС ардагерлеріне 1 500 000 теңге сыйақы беру жоспарлануда. Яғни, Шымкент қаласы мәслихатының 2019 жылғы 29 наурыздағы шешімі негізінде Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 360 АЕК көлемінде бір реттік әлеуметтік көмек төленеді. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы тарапынан ардагерлер есеп шоттарына 1 242 000 теңгеден аударылса, 258 000 теңгесі демеушілер есебінен берілетінін хабарлаймыз.
Сондай-ақ жергілікті майдангерлерге коммуналдық қызметтер төлеміне жеңілдіктер берілген. Ардагерлерге кезектен тыс санаторлық-курорттық емделуге жолдама беріледі.
Сонымен қатар мереке қарсаңында мәслихат шешіміне сай тыл ардагерлеріне 12 АЕК немесе 41 400 теңгеден төленеді. Жалпы қалада үш ҰОС ардагерінен өзге 2183 тыл ардагері тұрады.
Айта кетейік, 9 мамыр — Жеңіс күні қарсаңында игі іске атсалысыңыз. Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлігімен есте қалған майдангерлердің ұрпақтары batyrlargatagzym.el.kz сайтына соғыс ардагерлері жайлы мәліметтерді, фотосуреттерді жүктеп, сақтай алады. Ол үшін https://batyrlargatagzym.el.kz/forma/ сілтемесіне өтіп, тиісті сұрақтарға жауап бересіз. Сондай-ақ, майдангердің фотосын жүктеп, ол жайлы қысқаша өмірдерегін ұсына аласыз.
«Жеңімпаздар» жобасы 2014 жылы бастау алған. Осы уақыт аралығында мұнда 3,5 мыңнан астам ҰОС және тыл ардагерлері жайлы мағлұмат жинақталған.
Сұрапыл соғыста Отан үшін от кешкен ардагерлеріміздің есімі мәңгі ел есінде. Ал, бұл сайт ардагерлер жайлы мағлұматтардың жаңғыруына сеп болады.