Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » АРДАГЕРЛЕРДІ АРДАҚТАҒАН КҮН

АРДАГЕРЛЕРДІ АРДАҚТАҒАН КҮН

Бүгін Еңбекші ауданының әкімдігі 7 мамыр — Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр — Ұлы Жеңіс күніне орай, қатары сиреген тыл ардегерлері мен Чернобыль апатының, Ауған, Тәжік-Ауған, Таулы Қарабақ, «Семей-сынақ» қоғамдық ұйымының ардагерлерін жинап, дастархан жайып, сый-сияпат көрсетті.
Жиынды ашқан Шымкент қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Кенжехан Төлебаев аға буынның Отанға деген сүйіспеншілігі жас ұрпақ үшін әрдайым үлгі-өнеге боларын айтты.
– Бүгінгі зейнеткерлердің балалық шағы сонау соғыс жылдары мен одан берідегі қиын кезеңдермен тұспа-тұс келген. Соған қарамай біздің замандастарымыз – еңбекқорлығымен, жоғары адамгершілік қасиеттерімен танылған буын. Бұл кісілер өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы қиындықтарды да еңсеріп, Тәуелсіз еліміздің дамуына үлкен үлес қосқан қайраткер ұрпақ. Шымкенттің бүгінгідей әсем қалаға айналуында да осы ұрпақтың көп еңбегі сіңген. Сондықтан бүгінгі ел ағаларына, ақ жаулықты әжелерге қандай құрмет көрсетілсе де жарасымды деп ойлаймын, – деді Кенжехан Атақұлұлы.
Көңілдері дария, ақылдары кен қарияларымызға ыстық ықыласын сыйлаған аудан әкімі де сөз алып, барша жұртты мерекемен құттықтады.
– Ауданымызда ардагерлеріміздің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында әр түрлі бағытта жұмыстар атқарылып, мәдени- рухани өмірге белсене араласуына қолайлы жағдай жасалуда. Үлкеннің жолы, ағалық ақылы – асыл қазынамыз. Өмірден көргені мен түйгені көп ақсақалдарымызды ардақтау — басты парызымыз. Зейнет жасында болсаңыздар да қоғамда болып жатқан оң өзгерістерді өрістетуге әрдайым қолдау көрсетіп, үн қосып келесіздер. Бүгінгі мерейлі мерекеде баршаңызға зор денсаулық, ұзақ өмір, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді Досбол Есілбек.
Сонымен қатар осы жиынға «Семей-сынақ» қоғамдық бірлестігінің мүшелері де шақырылған. Қаламызда 1500-ге жуық полигоннан зардап шеккендер бар. Осы кісілердің атынан сөз алған қаламыздағы «Семей-сынақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қалжан Дауылбаев, артында із қалдырған, ізгілікті іс тындырған азаматтарды ардақтау әрқашан орынды екенін айтты.
Құттықтай келген топқа өз кезегінде ризашылықтарын айтып, осындай құрмет көрсетіп, елеп-ескеріп жатқан азаматтарға алғысын білдірген қарттар ақ батасын беріп, қиын-қыстау шақтарды еске алып, көздеріне жас алды.

Пікір жазу