Шымкентте жыл басынан бері тұрғын үй кезегінде тіркелген 1293 азамат ипотекалық негізде Отбасы банк арқылы баспаналы болды. Оның ішінде, 1047 пәтер «5-20-25» бағдарламасы бойынша, 246 пәтер «2-10-20 Бақытты отбасы» бойынша рәсімделді.
«Бақытты отбасы» бағыты бойынша жылдық 2%-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесімен, бастапқы жарна 10 %-дан кем емес мөлшерде 20 жылға тұрғын үйді сатып алуға несие беру қарастырылған.
Бағдарламаға тұрғын үй кезегіне тіркелген «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасылар, сонымен қатар 1 және 2 топ мүгедектігі бар азаматтар қатыса алады.
Ал, «5-20-25», «Шаңырақ» пилоттық жобасы бағыты бойынша тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізімінде кезекке тіркелген кез-келген азаматқа өтінім беру мүмкіндігі қарастырылған. Айта кетейік, Шымкент қаласы Тұран-2 шағынауданында 20 тұрғын үй салынуда. Бүгінде шағынауданның 29- орамында мемлекеттік бюджет есебінен 1080 пәтерлі 20 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Былтыр осы аумаққа жылу, су, кәріз желілері мен электр жүйесі тартылған. Биыл мұнда ішкі орамның жерін тегістеу, абаттандыру жұмыстары, аяқжол және асфальт жол құрылысы жүргізіледі. Нысандарды қолданысқа беру екінші жартыжылдыққа жоспарлануда. Одан бөлек, Шымкентте тозығы жеткен тұрғын үйлер мәселесін шешу мақсатында алғаш рет реновациялау бағдарламасы іске қосылуда. Қазір бағдарламаны жүзеге асыру үшін арнайы штаб құрылды.
Қала аумағындағы жөндеуді қажет ететін тұрғын үйлерге мониторинг жүргізіліп, бағдарламаны кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жаңа бағдарлама қаланың сәулеттік келбетіне кері әсер ететін ескірген ғимараттарды жойып, мегаполистің сәулеттік ерекшелігіне сай зәулім үйлер қатарын арттыру үшін қолға алынып отыр. Бағдарлама шартына сәйкес, құрылыс жұмыстары меншік иелерінің келісімі бойынша жүргізіледі. Меншік иелеріне құрылыс кезеңінде уақытша баспана немесе пәтер жалдау үшін ақшалай өтемақы беріледі.